Шымкентте өткен марафонға 5 мыңға тарта желаяқ қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте өткен марафонға 5 мыңға тарта желаяқ қатысты

16.10.2017

«13 аймақ». Осындай атаумен Шымкент қаласында бұқаралық спорттан марафондық жүгіру болды. Желаяқтар жарысына түрлі жастағы 5 мыңға тарта адам қатысты. Олардың сапында көршілес Қызылорда және Жамбыл облысынан келген атлеттер де спорттық бабын сынға салды. Спортшылар қала көшелерін бойлай 5, 10 және 21 шақырым жерді жүгіріп өтті.

Таңның атысымен жарыстың сөресіне жиналған желаяқтардың қарасы қалың. Ішінде жасы да, жасамысы да жүр. Спортты серік еткен әуесқойлар мен кәсібилер де бар. Жарысты алдымен 5 шақырымға жүгірген желаяқтар бастап берді. Олар шаһардың Д. Қонаев және Бәйдібек би көшелерін бойлай жүгіріп, «Наурыз» алаңындағы мәреге сүрінбей жетті.

Асанбай Тастан, марафонға қатысушы:

- 5 шақырымдай жүгірдік. Достарымызбен бірге. Ешкім артта қалмады. Терледік. Марафон денсаулығымызға да жақсы.

Сондай-ақ, марафонда 10 және 21 шақырымға тәуекел еткендер де көп болды. Жарысқа жекелеген спортшылармен бірге командалық топтар да қатысты. Мәселен, «Қазатомөнеркәсібі» Ұлттық компаниясының 30-дан астам қызметкері ұзақ қашықтықты қиналмай жүгіріп өтті.

Серікбек Құлбеков, марафонға қатысушы:

- Өте жақсы жүгіріп өттім. Мен 5 шақырымға жүгірдім. Менің әріптестерім 10 және 21 шақырымға жүгірді. «Дені саудың жаны сау» дейді. Өзімізден кейінгі жастарға өнеге көрсету үшін спортпен шұғылданған дұрыс.

Марафон жеңімпаздарын облыс және қала әкімі құттықтады. Айтқандай олар да спортшылармен бірге 5 шақырым қашықтықты еркін еңсерді. Топтан озып шыққан желаяқтарға ақшалай сыйлық берілді.

Әлібек Нұртаев, облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Мұндай марафондар облысымыздығы жеңіл атлетика, басқа да спорт түрлерінің дамуына үлкен септігін тигізеді. Осындай марафондар спорттың барлық түрлерінен де жоғары спортқа шығып, ел намысын байрақты бәсекелерде қорғайтын спортшылар шығатынына сенімдімін.

Марафондық жүгіру кейінгі кезде үздіксіз өткізіліп келеді. Бүгінде бұқаралық спорт түрлеріне облыста 720 мыңға жуық адам тартылған. Бұл өңір халқының 20 пайызы. Көпшілікті ұйыстыратын осындай спорттық шаралар нәтижесінде енді бірер жылда олардың қатары тағы 10 пайызға артқалы отыр.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу