Көкпардың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкпардың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті

21.08.2017
Көкпардың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті

Астанадағы «Қазанат» атшабарында көкпар ойынынан әлем чемпионатының салтанатты ашылуы болып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Таңертеңнен бері бірнеше жұп көкпардан ойын өткізіп, өзара бақ сынасып қойған. Атап айтқанда, Қазақстан 9:2 есебімен Ауғанстан көкпаршыларынан басым түссе, Түркия көкпарды тұңғыш ойнауға келген АҚШ құрамасынан 7:1 есебімен басым түскен.

Өз кезегінде Тәжікстан құрамасы Өзбекстанды 3:0 нәтижесімен жеңсе, ресейлік команда Венгрия құрамасын 7:1 есебімен ұтты. Қытай мен Әзірбайжан құрамаларының кездесуі жоспарланғанымен, әзірбайжандық көкпаршылардың келмеуі себебі жеңіс автоматты түрде Қытай көкпаршыларына берілді.

Көкпардан әлем чемпионатының ашылу салтанатында эстрада жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Ибрагим Ескендір сынды танымал әншілер әннен шашу шашты. Сондай-ақ, жиналған көрермендерге тазылардың жарысы көрсетілді.

«Ұлттық спорттың бірнеше түрінен халықаралық деңгейде жарыс өткіздік. Ендігі кезекте, көкпардан әлем чемпионатын ұйымдастырып отырмыз. 11 елдің көкпаршылары көрермендер үшін ұлттық өнеріміздің көркін қыздырып жатыр. «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай Астанамызға келген шетелдік меймандар қазақтың ұлттық спортын тамашалағысы келеді. Осы орайда, көкпардан өтіп жатқан чемпионат ұлттық құндылықтарымызды әлемге паш етуге мүмкіндік береді», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.

Ашылу салтанатынан кейін Моңғолия мен Қырғызстан құрамалары өзара бас сынаспақ.

Хабарламаларға жазылу