Каратэ-додан Азия Чемпионатында Қазақстан құрамасы 8 алтын медаль иеленді (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каратэ-додан Азия Чемпионатында Қазақстан құрамасы 8 алтын медаль иеленді (ФОТО)

16.07.2017
Каратэ-додан Азия Чемпионатында Қазақстан құрамасы 8 алтын медаль иеленді (ФОТО)

Астанада каратэ-до бойынша ересектер арасындағы  XIV Азия чемпионаты және кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы XVI Азия чемпионаты аяқталды. Айта кету керек, Астана мұндай масштабтағы жапондық жекпе-жек сайысын алғаш рет қабылдап отыр. Турнирде 30 Азия құрлығы елдерінен келген 700-ден астам қатысушы бақ сынады.

Сайыста ел намысын 70 спортшы қорғады. Олардың қатарында континент чемпионы және Азия ойындарының алтын медаль жүлдегері Андрей Ақтауов пен Азия ойындарының чемпионы және Азияның үш дүркін чемпионы Ринат Сағандықов та бар.

Еске сала кетейік, «WKF каратэ-до» 2016 жылдың 3 тамызында Рио-де-Жанейродағы Олимпиада комитетінің отырысында 2020 жылы Токио Олимпиадасында көрсетілген олимпиадалық спорт түрлерінің тізіміне енген болатын.

Азия чемпионаты 4 күнге жалғасып, Азияның ең мықты каратэшілерін анықтады. Турнирде жалпы саны ересектер үшін 17 медаль, кадеттер мен жасөспірімдер үшін 15 және 21 жүлде сарапқа салынды. Құрлықтық турнир нәтижесі бойынша  отандық спортшылар 27 медаль еншіледі. Оның 8-і алтын, 6-уы күміс және 13-і қола жүлде. Осылайша, жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы Иран мен Жапонияға жол беріп, үшінші орынға табан тіреді.

Айта кетейік, бүгінгі біріншіліктің чемпиондары Иран құрамасы 19 «алтынды» иеленсе, жапониялықтар 16 «алтынды» қанжығалады.

Қазақстан қоржынына түскен алғашқы алтын медальды 54 келіде күш сынасқан Софья Галимзянова салды. Ол Жапония, Вьетнам және Иран өкілдерінен басым түсті. Екінші «алтынды» Азамат Марат алды. Кадеттер арасында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Азамат Жапония, Иран және Малайзия спортшыларымен кездескен болатын.

Тағы бір «алтын» Дулат Мамырдың арқасында ел қоржынына түсті. Кадеттер арасында 70 келі дәрежесінде күш сынасқан қазақстандық спортшы Суфьяни Санад (Сауд Арабиясы), Бигдели Амир Хосейн (Иран), Сатторов Исломджон (Өзбекстан) сынды атлеттерден озық шықты.

Төртінші алтын медальді Әсел Қанай иеленді. Спортшы жасөспірімдер арасында 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, Тайланд, Жапония және Иран спортшыларын артта қалдырды.

Тағы бір кезекті «алтынды» Софья Берультцева алды. Жасөспірімдер арасында 59 келіден жоғары салмақта бақ сынаған Софья финалда Иран спортшысын тізе бүктірсе, финалға дейін жапониялық Китаваза Мизуки мен қытайлық Као Ханкиді жеңген болатын.

Ал, жасөспірімдер арасында 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі белдесуде Қазақстан тағы алға шықты. Бұл салмақта Нұртілес Тынымбек Жапониядан келген Сонода Масато мен ирандық Никохеммад Маджиттен басым түсті.

Құрлықтық чемпионатта қазақстандықтарға қуаныш сыйлағандар қатарында 21 жасқа дейінгі категорияда күрескен Мөлдір Жаңбырбай да бар. Ол ирандық спортшы Бахманьяр Сарыны жеңді. Бұл белдесуде үшінші орынды Азуми Сайо (Жапония) мен Гу Шиау-Шуанг (Қытайлық Тайпей) алды.

Қазақстан құрамасының тағы бір алтын жүлдесін  Андрей Ақтауов шешуші сында ирандық спортшымен кездесуде салды. Нәтижесінде, ұлттық құрама 8 «алтынды» еншіледі.

21 жасқа дейінгі категорияда 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Аружан Мұхтар финалда ирандық Багери Авишанға жол беріп, күміс медаль еншіледі. Нұрнияз Елдашов та Ираннан келген атлет Ельяс Мухаммедзадеден жеңіліп, «күміске» ие болды.

Еркінбек Байтұреев  те кадеттер мен жасөспірімдер арасында каратэ-додан өткен Азия Чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстандық спортшы ирандыққа жол берді. 76 келіге дейінгі салмақта белдескен Нұрқанат Әжіқанов ирандық спортшыдан жеңіліп, екінші орынға табан тіреді. Ерлер арасында 84 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық атлет Данияр Юлдашев та жапондық спортшыдан озып, екінші орынды иеленді. Күміс жүлде еншілегендер қатарында Ринат Сағандықов  та бар. Осылайша, Қазақстан құрамасында 6 күміс жүлде бар.

Қазақстан құрамасына қола медаль салған спортшылар:

Амангүл Дүйсенбай, Бекарыс Салауат, Мәдина Өтелбаева, Әбілмансұр Батырғали, Әйгерім Рахметулла, Мұса Бексұлтан, Дархан Асаділов, Руслан Есмағанбет, Димаш Ұқматов, Екатерина Хуповец.

Қола жүлдені сондай-ақ, кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы командалық ката қатысушылары мен кумитэ бойынша Қазақстанның әйелдер құрамасы да ел қоржынына салды.

Айта кету керек, каратэ-додан ересектер және кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Азия Чемпионаты 2020 жылы Буэнос-Айрес (жасөспірімдер ойындары) пен Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама береді.

Хабарламаларға жазылу