Бүгін «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінде белдесетін палуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінде белдесетін палуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтті

30.11.2016
Бүгін «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінде белдесетін палуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтті

Бүгін Алматыда «Айсер» қонақ үйінде қазақ күресінен «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі қатысушыларының салмақ өлшеу рәсімі өтті, деп хабарлайды kazakhstanbarysy.kz.

1 желтоқсан Тұңғыш Президент мерекесі күніне орай «Алматы Арена» сарайында «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі өтеді. Осымен төртінші рет жалауын көтергелі отырған додаға 8 мемлекеттен балуандар келіп қатысады. Қазақстан құрамасынан бөлек, Грузия, Моңғолия, Польша, Ресей, Иран, Өзбекстан және Түркия мемлекеті қатысады. Аталған елдердің барлығы осыған дейін де қазақ күресінің сайысында бақ сынап көрген.

Осы бәсекеде ел намысын мына балуандар қорғайды:

55 келіде Марат Нығыматұллаев (17.12.1995 ж.т.) - қазақ күресінен екі дүркін Қазақстан чемпионы (2014-2015 жж.), самбодан Қазақстан чемпионы, самбодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2013 ж., Грекия), дзюдодан жастар арасында Азия Кубогының қола жүлдегері (Қарағанды), «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің жеңімпазы (2015 ж). Қазақ күресі және самбодан спорт шебері. 

60 келіде Ержан Мағауинов (24.11.1990 ж.т.) - қазақ күресінен ҚР кубогында үшінші орын (2009 ж., Талдықорған), Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (2011 ж., Қарағанды), Қазақстан кубогының қола жүлдегері (2011 ж.,Шымкент), дзюдодан Чегеев атындағы турнирдің жеңімпазы (2013 ж., Өскемен), дзюдодан Павлодарда өткен турнирдың қола жүлдегері (2014 ж.), ҚР кубогының жеңімпазы (2014 ж., Семей), ҚР кубогында бірінші орын (2015 ж., Атырау), Қазақстан чемпионатында үшінші орын (2013 ж.), екінші орын (2016 ж., Қарағанды). Дзюдо және қазақ күресінен спорт шебері. 

66 келіде Бақдәулет Сәбитов (06.04.1992 ж.т.) - самбодан Қазақстан чемпионы, самбодан Азия чемпионы (2010 ж., Ташкент), дзюдодан Қазақстан чемпионы (2011 ж.), дзюдодан студенттер арасында Қазақстан чемпионы (2011 ж., Алматы), қазақ күресінен Азия чемпионы (2015 ж., Қытай), дзюдодан Еуропа Кубогында бірінші орын (2011 ж., Германия), дзюдодан Гран-при турнирінің қола жүлдегері (2013 ж., Алматы), Қазақ күресінен Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2015 және2016 ж). Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан спорт шебері. 

74 келіде  Aйдос Ғалымов - самбодан Азия чемпионы (2011 ж., Ташкент), самбодан үшінші орын (2011 ж., Болгария), дзюдодан жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері (2013 ж., Қытай), қазақ күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері (2015 ж., Қытай), қазақ күресінен Қазақстан чемпионы (2015, 2016 жж.), дзюдодан жастар арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері (2013 ж.), «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің жеңімпазы (2015 ж., Тараз). Дзюдо, самбо және қазақ күресінен спорт шебері. 

82 келіде Дәулет Пахриддинов (20.07.1995 ж.т.) - самбодан Қазақстан чемпионы, самбодан жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2015 ж., Латвия), қазақ күресінен Қазақстан чемпионы (2015 және 2016 ж.), Бүкіләлемдік көшпенділер Ойындарында қазақ күресінен бірінші орын, қазақ күресінен Әлем чемпионы (2016 ж., Қытай), қазақ күресі және самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 

90 келіде Айбол Айтбек - (01.10.1992 ж.т.) - самбодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2010 ж.,Болгария), дзюдодан Еуропа Кубогында үшінші орын (2010 ж., Чехия), дзюдодан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері (2013 ж., Өскемен), дзюдодан Қазақстан чемпионы (2014 ж., Шымкент), қазақ күресінен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (2015 ж., Аягөз), қазақ күресінен Қазақстан чемпионы (2016 ж., Қарағанды), «Қазақстан Барысы» турнирінің қола жүлдегері (2016 ж.), қазақ күресінен әлем чемпионы (2016 ж.,Қытай), дзюдодан Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (2016 ж., Қызылорда). Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдо және самбодан спорт шебері. 

100 келіде Мұхит Тұрсынов (22.04.1988 ж.т.) - қазақ күресінен бес дүркін Қазақстан чемпионы (2007, 2010, 2013, 2014 және 2016 ж), қазақ күресінен Азия чемпионы (Қызылорда, 2009 ж), екі дүркін әлем чемпионы (2013,  және 2014 ж.), қазақ күресінен Әлем чемпионатында үшінші орын (Қытай), күрестен жабық ғимараттағы Азия Ойындарының күміс жүлдегері (Вьетнам), «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы (2014 ж.), «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің жеңімпазы, дзюдо және самбодан спорт шебері, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 

+ 100 келіде  Айбек Нұғымаров (03.06.1987 ж.т.) - қазақ күресінен төрт дүркін әлем чемпионы (2010, 2013, 2014 және 2016 ж.), Әлем кубогында бірінші орын (2011 ж., Үндістан). «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы (2013 ж., Астана). Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.  

Естеріңізге сала кетсек, желтоқсанның 1-і «Алматы Арена» (Алматы) мұз сарайында өтетін «Еуразия Барысы» дәстүрлі халықаралық турнирін «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен «Kazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Көрсетілімнің басталуы сағат 13:00-де.

 

Хабарламаларға жазылу