Тұңғыш Президент күнінде қазақстандықтар «Еуразия Барысын» тамашалай алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұңғыш Президент күнінде қазақстандықтар «Еуразия Барысын» тамашалай алады

29.11.2016
Тұңғыш Президент күнінде қазақстандықтар  «Еуразия Барысын» тамашалай алады

Желтоқсанның 1-і «Алматы Арена» (Алматы) мұз сарайында өтетін «Еуразия Барысы» дәстүрлі халықаралық турнирін «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен «Kazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Көрсетілімнің басталуы сағат 13:00-де.

2013 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан байрақты бәсекеге биыл 8 елдің палуандары келеді. Бұл жолғы додаға қазақ батырларынан өзге Грузия, Моңғолия, Польша, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан спортшылары қатысады. Биылғы турнир қатысушыларының арасында әлемдік жұлдыздар көп. Грузия құрамасы атынан самбодан төрт мәрте әлем чемпионы В.Чидрашвили, Еуропаның екі дүркін чемпионы Д.Лариошвили, әлем мен Еуропа чемпионаттарының жеңімпаздары шығады. Моңғолияның намысын самбо бойынша әлем чемпионы  А.Байараа, дзюдодан Әлемдік Гран-прилер жеңімпазы Х.Ганболд, сондай-ақ, «Еуразия Барысы» турнирінің 2014 жылғы жеңімпаздары қорғайды.

Ал, Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар арасында Қажымұқанның мұрагерлері атына лайық Марат Нығматуллаев, Ержан Мағауинов, Бақдәулет Сәбитов, Айдос Ғалымов, Дәулет Пахриденов, Айбол Айтбек және Мұхит Тұрсынов пен Айбек Нұғымаров секілді сом білекті, арыстан жүректі жігіттер бар.

Әр команда 1 төреші, 1 бапкер және 8 салмақ дәрежесінде шығатын (55 келі, 60 келі, 66 келі, 74 келі, 82 келі, 90 келі, 100 келі және 100 келіден жоғары) 8 палуаннан тұрады. Палуандардың жасы міндетті түрде 18-ден асқан және өзі келген елдің азаматы болуы шарт. Сонымен қатар, олар міндетті түрде медициналық тексеруден, салмақ өлшеуден, допинг-тесттен және дайындық жаттығудан өтеді.

Хабарламаларға жазылу