«Kazsport» арнасына - 3 жыл. Спорт жанкүйерлерін алда не күтіп тұр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Kazsport» арнасына - 3 жыл. Спорт жанкүйерлерін алда не күтіп тұр?

23.06.2016
«Kazsport» арнасына - 3 жыл. Спорт жанкүйерлерін алда не күтіп тұр?

Осыдан 3 жыл бұрын, яғни, 2013 жылдың 1 шілдесінде «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының базасында тәулігіне 21 сағат хабар тарату көлемімен бірінші мемлекеттік «Kazsport» спорттық телеарнасы іске қосылды. Мамандандырылған арна Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ашылған болатын.

Сол уақыттан бері спортсүйер қауымға ел аумағындағы жарыстарды ғана емес, әлемдік дүбірлі додаларды тікелей эфирде ұсынып келеді.

Олардың қатарында 2014 жылы  футболдан Бразилияда өткен Әлем чемпионаты,  Сочи-2014 Олимпиадасы, 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен жасөспірімдер Олимпиадасы, 2014 жылы Инчхонда өткен 17-ші жазғы Азия ойындары,  волейболдан Италияда өткен Әлем чемпионаты, 2014 жылғы хоккейден Әлем чемпионаты, футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу матчтары (Нидерланд-Қазақстан, Түркия-Қазақстан) және т.б трансляциялар бар.

«Kazsport» арнасы үш жылда отандық спорттың бұрынғы және қазіргі кездегі танымал батырлары және ұлттық құрамалар туралы 78 деректі фильм түсірді.

«Жеке бапкер - Личный тренер», «Моя высота» - «Өз биігім», «Жеңіс сарайы» - «Дворец победы», «Көкпар», «SPORT.KZ», «Где Вы, чемпионы?» сияқты бағдарламалар топтамасы аясында 1287 хабар эфирге шықты. Сондай-ақ, спорт жұлдыздары және ұлттық құрамалар туралы 297 арнайы репортаж, 26 деректі сериал берілді.

«KAZsport» телеарнасы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да көрермендерді спорт әлемінің жаңалықтарымен уақтылы хабардар етіп отырады. Бүгінгі таңда kazsport.kaztrk.kz сайтының әлеуметтік желідегі парақшаларында 80 мыңнан астам оқырман тіркелген.

Қазіргі кезде арна футбол жанкүйерлеріне Францияда өтіп жатқан ЕУРО-2016 ойындарын тікелей эфирде ұсынуда.

Телеарна ұжымы алдағы уақытта көреремендеріне «Универсиада қарсаңында-2017», «Спортивный регион», «Лечебная физкультура» атты бағдарламалар топтамасын ұсынуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін аты аңызға айналған қазақстандық спорт саңлақтары - Болат Жұмаділов, Асқар Қожабергенов, Ермахан Ыбрайымов, Серік Қонақбаев, Ерлан Сағымбаев, Геннадий Головкин, Ольга Шишигина, Евгений Марченко, Олег Литвиненко туралы деректі фильмдер жарыққа шығады.

 

 

 

Хабарламаларға жазылу