Қазақстанда танк биатлонынан алғаш рет чемпионат өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда танк биатлонынан алғаш рет чемпионат өтті

25.04.2014
Қазақстанда танк биатлонынан алғаш рет чемпионат өтті

Елімізде ең үздік танк экипажы анықталды.  Бұл - Құрлық әскерлері арасындағы алғашқы сын. Жарысқа қатысушылар жауынгерлік әзірлігі мен шеберліктерін байқатты.

Шығыс Қазақстан облысындағы 10/810 әскери бөлімінің базасында ұйымдастырылған жарысқа«Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары мен Аэроұтқыр әскерлерінен барлығы 12 танк экипажы қатысты.

Жарысқа келген жауынгерлер бірінші күні спорттық сайыстарға қатысып, өзара мықтыларын анықтады. Ал, екінші күні экипаждар Т-72 танкісімен жеке бәсекеге түсті. Шынжыр табанды жойқын техникамен түрлі бөгеттері бар жолмен жылдам жүріп өту және нысананы ату бойынша шеберліктерін көрсетті.
 
Танк экипаждары 3 түрлі қарудан атты. Бірінші айналымда танкілік Калашников пулеметі, екіншіде зенитті пулемет, ал, соңғы айналымда, нысананы, жүріп келе жатып, артиллериялық снарядпен атып түсірулері тиіс.
 
Әмір Халықов, ҚР ҚК Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының жауынгерлік әзірлік жөніндегі орынбасары:
Танкілік биатлон - әскери сайыстардың жаңа түрі. Ең алғаш рет Ресейде пайда болған. Біздің елде осындай жарысты өткізу үшін «Майлин» оқу-жаттығу полигонында жаңа жол бағыттары жасалды. Мұндағы барлық бөгеттер мен траншеялар Әлем чемпионатының талаптарына сай келеді. Бүгінгі жарыста барлық тапсырма өте жоғары деңгейде орындалып жатыр.
 
Әділқазылар алқасы әр экипаждың тапсырмаларды орындауын жіті қадағалап, тиісті бағаларын беріп отырды. Ең үздік танкішілер спорттық сайыс пен танк биатлонында жинаған ұпай саны бойынша анықталды.
 
І және ІІІ орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығынан келген жауынгерлер иеленді. ІІ орын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының танк экипажына бұйырды.
 
Сағи Батырханов, танк ротасының командирі:
 І орын алдық. Құдай қаласа, Ресейде болатын жарыстада осындай көрсеткіш көрсетеміз деп сенемін.
 
Қазақстан Құрлық әскерлерінің жауынгерлері танк биатлоны бойынша халықаралық жарысқа былтыр бірінші рет қатысып, жүлделі екінші орынмен оралды.
 
Ол кезде 4 мемлекеттің танкішілері өзара бәсекеге түссе, биыл шілде айында Мәскеу маңында өтетін Әлем чемпионатына 14 ел қатысуға ниет білдіріп отыр. 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу