Олимпиада ойындары қызуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада ойындары қызуда

13.02.2014
Олимпиада ойындары қызуда
Сочидегі Олимпиада ойындарында жүлде жалына жармасар деп үміт артқан спортшымыздың бірде бірі сенім үдесінен шыға алмады. Конькишілер сайысында мың метрге жүгіруден ерлер арасында жүлде алады деп топшылаған Денис Кузин жанкүйерлерін жабырқатты.
 
Біздің елдің атынан бұл сынға үш жігітіміз шыққан. Алдымен Роман Креч жарысып, 1 минут 09/63 секунд көрсеткішпен 13-орын алды.
 
Одан кейін Федор Мезенцев 1 минут 11/08 секунд нәтижемен 33-орын алды. Ал ең соңғы болып жарыс жолына 20 жұпта шыққан Денис Кузьиннің топ жаруына барлық мүмкіндік болды.
 
Өйткені, алда жарысып кеткен қарсыластарының көрсеткіштері көз алдында, бағдар жасауға болады. Бірақ біз ойлағандай болмай шықты, алғашқы 500 метрде конькиінің артына тас байлап қойғандай, Кузин жүгіре алмады. Жеткен биігі -  7-орын.
 
Денис Кузин, Коньки спортынан Қазақстан құрамасының мүшесі:
Өзім де түкке түсініп тұрған жоқпын. Физикалық тұрғыдан бәрі жақсы болды. Енді осының бәрін саралап, қорытынды шығарамыз. 7-ші орын мен үшін көрсеткіш емес.
 
Енді Денис Кузин 1500 метрде бақ сынайды. Жерлестерін қолдауға «Адлер аренаға» жиналған қазақстандық жанкүйерлердің қатары көп болды. Көк Туымызды көке көтеріп, Денистің жолына үмітпен қарағандардың арасында Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Ольга Шишигина, Нагано ойындарында қола медаль алған Людмила Прокашевалар бар.
 
Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы:
Бізді осы жарысқа жіберген Қазақстанға, еліме рахмет! Мұны ел бірлігі деп білемін. Біздің жігіттер бұйырса, Олимпиада чемпионы болады деп сенемін.
 
Ақпанның 14-де «Лаура» шаңғы-биатлон кешеніне ағылады, қазақ жанкүйерлері. Классикалық әдіс бойынша 15 шақырымға созылатын ерлер арасындағы бәсекеде жарыс жолына Алексей Полторанин шығады.
 
Телжан Күдеров, тілші:
Алайда, болашаққа үмітпен қарайтын елдің өкілі болғандықтан, алдағы жарысқа шығатын жерлестерімізге тек сәттілік тілейміз.
 
Телжан КҮДЕРОВ

Хабарламаларға жазылу