Сочи-2014. Бәсеке қыза түсуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сочи-2014. Бәсеке қыза түсуде

11.02.2014
Сочи-2014. Бәсеке қыза түсуде
 
Сочиде өтіп жатқан Олимпиада ойындарының қазір нағыз қызған шағы. Арнайы биатлон және шаңғы жарысына салынған «Лаура» спорт кешенінде медальдардың басым көпшілігі сарапқа салынуда.
 
Телжан Күдеров, тілші:
«Лаура» биатлон-шаңғы стадионы қазіргі заман талабын қанағаттандырып, Олимпиада ойындарына арналып салынған. Мұнда биатлоншылар бәсекесін тамашалауға 7000 жанкүйер сыяды. Ал осы жотаның арғы жағында шаңғышылар бәске түседі.
 
Псехако жотасындағы кешенге жету үшін аспалы жолмен де, көлікпен де келуге болады. Сочидан шыққан электр пойыздан аспалы жол бекетіне дейін жетіп, кейін шамамен жарты сағаттың ішінде «Лаура» кешенінен табыласыз. Кешенде негізінен биатлоншыларға арналған стадионға 7500 мың жанкүйер сияды. Ал шаңғышылар сынға түсетін жерінде көрермен отыратын орын уақытша жасалған. Кешен 6 қабаттан тұрады. 1000-нан аса БАҚ өкілдеріне арналған орын бар. Спортшылар мен бапкерлерге барлық жағдай жасалған. Алайда, биатлоншылар жолының қиын екендігін алға тартады спортшылар.
 
Елена Хрусталева, биатлоннан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі:
Жарыс жолы өте қиын. Екі бірдей қайқаң бар, содан өту оңайға соқпайды. Олимпиадалық жарыс жолы болғандықтан, тек мықты ғана жүріп өтеді. Кешен маған ұнады. Нысана көздейтін жер де жақсы.
 
Биатлоншылар бәсекесін тамашалау үшін көрермен Ресей рублімен 6,5 мыңға билет алады. Ресейліктер осы спорт түрінде жүлде күтетіндіктен келушілердің қатары көп.
 
Павел Косырев, жанкүйер:
Жарыстың алғашқы күндеріне қарағанда, жанкүйерлердің қатары көп. Жан-жақтан келіп жатыр. Стадионда көрермен үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстандықтарға үнемі қолдау көрсетемін.
 
Шынында да қазақ спортшыларына қолдау көрсетіп жүрген жанкүйерлер көп. Әсіресе, Алексей Полторинге ерекше сенім артатындар бар.
 
Телжан КҮДЕРОВ

Хабарламаларға жазылу