Бүгін – Сочи Олимпиадасының бесінші күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Сочи Олимпиадасының бесінші күні

10.02.2014
Бүгін – Сочи Олимпиадасының бесінші күні
Тартыс пен қызыққа  толы Олимпиада ойындарының бүгін бесінші күні өтуде. Бірақ, әзірге Қазақстан спортшыларына медаль бұйырмай тұр.
 
Скиатлоннан ерлер  сайысында Қазақстанның  атынан сынға түсетін жігіттердің тізімі соңғы уақытта  өзгерді. Жаттықтырушылар Марк Старостин, Сергей Черепанов, Евгений Величкодан бөлек, скиатлонға Алексей Полторанинді қатыстыруды жөн санаған.
 
Ел сенімін арқалап шыққан Шығыс Қазақстан облысының тумасы Лаура шаңғы биатлон кешенінде барын салды.
 
Индира Бектенова, тілші:
Стадиондағы көңіл-күй ерекше. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Жарыс жолында қазақстандықтардың үкілеген үміті - Алексей Полторанин.
 
Сайыстың қорытындысы бойынша 68 қатысушының ішінен 16-шы болып мәре сызығын кескен Полторанин өзінің нәтижесіне көңілі толмады. Әдетте журналистердің сұрақтарына құлшына жауап беретін Алексей бұл жолы сұхбаттан бас тартып,  қолдауға арнайы келген ата-анасына асықты.
 
Алексей Наконечный, А.Полторанинның бапкері:
Бұл - біздің таңдаған арнайы тактикамыз. Барлығы жоспардағыдай. Бұл 15 шақырымға созылатын жекелей сындағы бәсекеге дайындықтың бір кезеңі саналады. Әрине, Алексей бұл жарысқа қатысып қана қоймай, медаль жеңіп алуды жоспарлаған. Бірақ, бұйырмады. Оған қоса, қарсыластары да осал емес.
 
Петр Суханов, А.Полторанинның дәрігері:
Енді Полторанин ақпан айының 14 жұлдызында жекелей сында өнер көрсетеді. Сол уақытқа дейін жұмсалған күшті қайтадан орнына келтіру бағытында жұмыс істейміз. Арнайы әдісті қолданамыз. Ең бастысы, жарақаттан аман-есен.
 
Спортшыларымыздың бабы келісіп-ақ тұр, енді бағы жанса, деп тілейміз.
 
Индира БЕКТЕНОВА 

Хабарламаларға жазылу