Түркияда балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынды
Әлемнің бірқатар елі балаларды интернеттің кері әсерінен сақтау үшін тиісті заң шығарып, әлеуметтік желілердің жұмысын қадағалауға ала бастады. Австралия, Малайзия, Грекия сияқты елдер балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салған еді. Енді осы қатарға Түркия да қосылды. Осы апта Түркияда 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіден парақша ашуына тыйым салатын заң күшіне енді. Жаңа заңның ерекшеліктері туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы тарқатады.
Бұдан былай Түркияда 15 жасқа дейінгі балалар ешқандай әлеуметтік желіге тіркеле алмайды. Ал 15 пен 18 жас аралығындағылар әлеуметтік желілерді шектеулі шартпен ғана қолдана алады. Мәселен: Тікелей эфирге шыға алмайды, тек өз достығындағы адамдармен ғана хабарлама алмасады, жарнама шектеледі, видеоларды шексіз жылжыту мүмкіндігі болмайды, экрандағы көріністі сақтап алу қызметі де алынып тасталады.
Махинур Өздемир Гөкташ, Түркияның отбасы және әлеуметтік қызмет көрсету министрі:
Бұл заңның ең басты мақсаты – балаларымызды интернеттегі зиянды материалдардан қорғау. Бұдан бөлек цифрлық медиа платформаларына балалардың алдындағы жауапкершілігін сезіндіру. Бұдан былай ешқандай цифрлы платформа кәмелет жасқа толмаған азаматтардың құқығын бұза алмайды.
Жаңа заңға сай балалардың жасын анықтау үшін әлеуметтік желілер тек қана Түркияның «Е Девлет» мемлекеттік порталының ресми мәліметтерін пайдалана алады. Дегенмен мамандар тек тыйыммен мәселені түбегейлі шешу мүмкін еместігін алға тартады.
Женгиз Чалыкоғлы, цифрлық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық сарапшы:
Тек тыйым арқылы балаларды цифрлық əлемдегі барлық қауіптен қорғау мүмкін емес. Өйткені балалар бір ғана əлеуметтік желі платформасымен шектелмейді. Ойындар, бейнеқосымшалар, хабар алмасу сервистері жəне жасанды интеллект қосымшалары да осы əлемнің бір бөлігі. Бір платформаға кіруді шектесеңіз, балалар басқа қосымшаларға ауысуы мүмкін. Сондықтан мемлекет, технологиялық компаниялар, білім беру ұйымдары мен ата-аналар бірлесіп цифрлық сауаттылықты арттыруы, балаларға дұрыс бағыт-бағдар беруі қажет.
Ал әлеуметтік желі платформалары 2027 жылдың 31 наурызына дейін барлық қолданушылардың жасын анықтап, заң күшіне енгенге дейін ашылған 15 жасқа толмаған балалардың парақшаларын жабуы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы