Аяғын эскалатор қысып қалған әйел құтқарылды
Семейдегі сауда орталықтарының бірінде әйел адамның аяғын эскалатор қысып қалды. Мұны айналадағылар бірден байқап, баспалдақты тоқтатып үлгерген. Көп ұзамай төтенше жағдайлар қызметі келіп, көмек көрсетті. Әйел қорқып қалғаны болмаса, ешқандай жарақат алған жоқ. Жағдайы жақсы, дейді құтқарушылар. Ал кенеттен ақау шығуына не себеп болғаны анықталып жатыр. Мамандардың айтуынша, негізінен эскалатор, жабдықтар ескірген жағдайда тоқтап қалады. Оны жауаптылар дер кезінде ауыстырып отыруы тиіс. Бірақ техниктер тұрғындардың өздеріне де қауіпсіздік ережелерін қаперде ұстауға кеңес береді.
ТЖМ: Эскалаторға мінгенде қауіпсіздік ережелерін сақтау керек
Айдар Дастанов, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің бас сарапшысы:
Міндетті түрде киімге, аяқ киімге абай болу керек. Себебі ұзын көйлек, шалбар немесе аяқ киімнің бауы эскалатордың қозғалыс бөліктеріне қыстырылып қалуы мүмкін. Сол үшін мінер алдын ұзын көйлекті кішкене жиып, бауды байлап алу маңызды. Сосын эскалардан шығар тұста артыңыздағы жолаушыларға кедергі келтірмес үшін алдыға тоқтап қалмай, алдыға қарай жүріп кету керек.
Сондай-ақ эскалатор тұтқасын ұстап тұру керек. Сатыларға отыруға, сөмкелерді қоюға не сүйенуге мүлде болмайды. Эскалатордың қозғалысына қарсы жүруге немесе сатымен жоғары-төмен жүгіру де қауіпті. Әсіресе, балаларға сақ болып, қолынан жібермей ұстап тұрған дұрыс. Баланың аяғы жиектерден қашық, сатының ортасында тұрғанына көз жеткізу қажет, дейді мамандар. Ал қысылып қалған жағдайда Эскалатордың бас жағында және соңғы жағында қызыл түсті батырма бар. Қысылған адам өзі үлгермейді, сондықтан айналасына тез арада сол батырмаға бас деп айту керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы