Басты Жаңалықтар Ұлттық банк бірыңғай QR кодты енгізуге кірісті

Ұлттық банк бірыңғай QR кодты енгізуге кірісті

Ұлттық банк бүгін бірыңғай QR кодты енгізуге кірісті. Банктерде сынақ режимі өтіп жатыр. Жүйені тұрғындар 19 шілдеден бастап пайдалана алады. Енді кез келген банктің қосымшасынан бір ғана QR-кодты сканерлеп, сол арқылы төлем жасауға болады. Бұл тұрғындарға ғана емес, кәсіпкерлер үшін де тиімді. Бұдан былай олар банктердің QR-ын қолданғаны үшін жеке-жеке есеп айырыспай, бір ғана жүйе үшін төлейді. Ескеретін жайт, мемлекет кәсіпкерлерді бірыңғай жүйені пайдалануға міндеттемейді – бұрынғыдай бірнеше банктің QR-мен жұмыс істей беремін десе де әркімнің өз еркі.

Тимур Сүлейменов, Ұлттық банк төрағасы:
Енді бір QR-мен барлық жүйеде төлеуге болады. Міне, дәл қазір барлық дерлік ірі банктерде іске қосуға барып, сынақтан өткіземіз. Бірақ ресми түрде жексенбіде күшіне енеді.

Алаяқтарды анықтайтын жүйе іске қосылады

Алаяқтар енді тұрғындарды алдай алмайды. Жыл соңына дейін жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жаңа жүйе іске қосылады. Онда елде тіркелген барлық нөмірлер, банк операциялары жайлы ақпараттар болады. Күмәнді әрекет байқалса, жүйе аударымдарды автоматты түрде бұғаттайды. Бұл туралы Ұлттық банкте өткен арнайы брифингте айтылды. Халықтың ақшасын алаяқтардан қорғайтын бағдарлама қазір де бар. Бірақ ол алаяқ қоңырау шалғаннан кейін, не тұрғындарды арбағаннан кейін ғана іске кіріседі. Ал жаңа жүйе мұның алдын алады, - дейді Ұлттық банк өкілдері. 

Ерлан Ашықбеков, Ұлттық банктің департмент директоры:

Әр банк өз клиентінің қалыпты дағдысын біледі, яғни кенеттен бір қосымша триггерлер жұмыс істейтін болса, мысалы, клиентті егде тартқан адам дейік, ол бір мезетте бірнеше несие алуға өтініш берді. Бұрын мұндай әрекет бұл клиентке тән емес. Мұндай жағдай болса, біздің жүйе сол клиентпен байланыса отырып, сол клиентке алдын ала ескерте отырып, сол операцияларға тосқауыл қояды.

Бөлісу