Шаңғыдан Қазақстан чемпионаты басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаңғыдан Қазақстан чемпионаты басталды

16.01.2014
Шаңғыдан Қазақстан чемпионаты басталды

Алматы облысында шаңғы спортынан ел чемпионаты өтіп жатыр. Біріншілік Халықаралық шаңғы федерациясының күнтізбесіне енген. Сондықтан жарысқа Украина және Түркия шаңғышылары да қатысуда

 
Сочи Олимпиадасында қоржынымызға жүлде түсер деп үміттеніп отырған спорт түрлерінің бірі - шаңғы жарысы. Сондықтан биылғы біріншілікке баса мән беріліп отыр.
 
Тек құрама үздіктері Алексей Полторанин мен Денис Волотка ғана біріншіліктен босатылған. Полторанин Олимпиадаға жеке бағдарлама бойынша шетелде дайындалып жатса, Волотканың Олимпиада алдындағы ұпайы түгел болғандықтан, қатыспауда. Жарыстың алғашқы күні спортшылар спринттік қашықтықта бақтарын сынады.
 
Әйелдер арасындағы сайыста құраманың тәжірибелі спортшысы Елена Коломина үздік шықса, Марина Матросова екінші болып мәре сызығын қиды. Ал жуырда ғана Универсиада жеңімпазы атанған Татьяна Осипова алғашқы үштікті қорытындылады.
 
Елена Коломина, шаңғы жарысынан Қазақстан чемпионы:
Жарыс жолы өте қиын болды. Күн жылы, шаңғы табанына жағатын майды дәл таңдай білуің керек. Оның үстіне таңертең басталып, түсте бірақ аяқталады. Жеңіске жету әрқашанда қиын ғой.
 
Ерлер арасындағы бәсекенің іріктеу сындарынан Николай Чебатько, Евгений Величко, Ердос Ахмадиев, Сергей Малышев сынды саңлақтар іркілмей өтіп, негізгі бәсеке де аталған спортшылар арасында болды.
 
Финалдық кезеңде тәжірибелі Чеботьконың жолы болып, биылғы біріншіліктің чемпионы атанды. Дегенмен жеңіс оған оңай келмеді. Бәсекелестік өте жоғары болғандығы соншалық, жартылай финалда ол Евгений Величконы алға оздырып алып, мәреге тек екінші болып жеткен. Ал шешуші сәтте нағыз спортшыға тән мінез көрсете білген Чеботько жеңіс тұғырына көтерілді.
 
Николай Чеботько,  шаңғы жарысынан Қазақстан чемпионы:
Маған қиын соқты. Бірден ұшып келіп, жарыс жолына шығып кеттім. Тау жолдарымен жарысу ауыр болды. Дегенмен жеңіске деген жігерімнің арқасында соңғы сәтте дейін шыдамдылық таныттым.
 
 
Телжан КҮДЕРОВ

Хабарламаларға жазылу