Үшқоңырда «Қазақтың дәстүрлі ұлттық киімі мен тағамы» фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үшқоңырда «Қазақтың дәстүрлі ұлттық киімі мен тағамы» фестивалі өтті

16.08.2019

Алматы облысының Үшқоңыр ауылындағы «Nomad» этноорталығында «Қазақтың дәстүрлі ұлттық киімі мен ұлттық тағамы" атты фестиваль өтті. «Бұл ауқымды шара — Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бастамасын іске асыруға арналған бірегей жоба»,- дейді ұйымдастырушылар.

Көшпенділер ауылындығы дүбірлі тойға әлемнің әр қиырынан ағылған туристер көп. Тіпті, олардың арасында мұхит асып келген саяхатшылар да жетерлік. Шетелдік меймандар ұлттық ойындарды тамашалап, берекелі ақ дастарханнан дәм татты.

Густаво Гомез, турист /Мексика/:

Барлығы керемет! Қазақ жерінде болғаныма қуынаштымын! Маған бұл шара қатты ұнады! Қазақтың ұлттық тағамдарына келетін болсақ, мұндай астың барын естімеген едім. Бізге дәмі тіл үйіретін таңсық тағамнан дәм татырды. Әсіресе бауырсақтың дәмі айтып жеткізгісіз.

Ғалымдардың сөзінше, жер бетіндегі әр ұлттың дәстүрі мен мәдениеті өзіндік ерекшеліктерімен маңызды. Қазақ халқының да ежелгі тарихы аса бай. Сондықтан көшпенділер өркениеті қазір әлем жұртын тәнті етіп отыр. Себебі ұлы даланы мекендеген бабаларымыз өркениетін дамытып, өнердің биігін бағындыра білген.

Жанар Алшынбаева, Алматы облысы туризм басқармасының басшысы:

Қазіргі кезде туристік нарықта этнографиялық туризмге көп қызығушылық танытып жатыр. Тек қана қазақстандықтар емес. Сонымен қатар шетелдік туристерге де осындай туристік өнімдер өте қызықты. Соңғы кезде, мысалы, туристік бағыттарды әзірлеген кезде тек қана бір көрікті табиғи жерлерге барып қана қоймай, сонымен қатар туристер басқа да қызмет түрлерін көргісі келеді.

Әйгерім Мұсағожинова, этнограф:

Тағамдарымыз өте көп. Қазір біз 200 тағамның құрамын белгіледік. Сол тек қана құрамын ғана емес, құндылығын, ақуыз мөлшерін, соның барлығын зерттеп, біз осы халқымыздың тағамы өте бай, қазақ халқымыздың тағамы денсаулыққа өте пайдалы.

Енді осы шараның ауқымын кеңейтіп, дәстүрге айналдыру жоспарда бар. Өйткені «Көркем көріністер мен тарихи қойылымнан айрықша әсер алған туристер келесі бағдарламаға қазірден бастап, жазылып жатыр», - дейді ұйымдастырушылар.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу