Халықаралық жастар күні түрлі шаралар ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық жастар күні түрлі шаралар ұйымдастырылды

13.08.2019

Халықаралық жастар күні Қызылордада өте кең көлемде тойланды. Таңертеңнен кешке дейін түрлі шаралар ұйымдастырылып, Сырдарияның сол жағалауы думанға бөленді. Тұңғыш Президент саябағынан басталған велошеру Жастар орталығында мәреге жетті.

Белсенді жастар таң атысымен Тұңғыш Президент саябағына жиналды. Велосипедпен   шеру жасап, Тәуелсіздік даңғылымен жүріп өтіп,  сол жағалаудағы жаңа қалада бой көтерген Жастар орталығына келді. 24 сағат бойы үзіліссіз жұмыс істейтін орталық — сырбойылық жастар тұрақты бас қосатын  шаңырақ. Сәулеті мен сәні келіскен ғимараттта IT-парк, жастар шығармашылығын дамыту бөлмесі, әдістемелік көмек беру бөлмесі, психолог кабинеті және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану аймағы бар. Осы жерде зияткерлік сайыстар, ұлттық спорт  түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, «Мүмкіндіктер алаңында» жастарға мамандар түрлі бағытта кеңестер берді.

Қуаныш Жанұзақов, Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

Аз ғана уақыттың ішінде 10 мыңнан астам жас осы орталықтың қызметін пайдаланып үлгерген. Бұған дейін біз 14 жасқа дейінгі балалардың шахмат үйірмелеріне қатысу белсенділігін арттыру туралы ұсыныс түскен. Негізгі контингент 14-29 болғанмен де ата-аналардың ұсынысын тастамай, 14 жасқа дейінгі балалардың шахмат сайысын ұйымдастырып жатырмыз.

«Мектепке жол» акциясынан да жастар тысқары қалған жоқ. Қайырымды іске ұйытқы болып, көпбалалы отбасының балаларына   оқу құралдары салынған сөмкелерді сыйға тартты. 

Гүлжахан Көшекбаева, қала тұрғыны:       

Сыйлық беріп жатыр, мектепке сумкасын, жабдықтарын. Мен сонау  Абай ауылынан, Досан ауылынан келіп  тұрмын. Жастарға рахмет! Бақытты болсын, өмірлі болсын! Осындай жас жеткіншектеріміз аман болып, өсіп-өніп, халыққа қалаулы қызмет ете берсін! 

Аймақтың дамуына үлес қосып жүрген қызылордалық жастардың  алдағы жоспарлары ауқымды. Осындай жастар орталығы барлық аудандарда ашылады.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу