Зеренді ауданында сақ жауынгерлерінің сүйектері табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зеренді ауданында сақ жауынгерлерінің сүйектері табылды

11.07.2019

Ақмола облысы Зеренді ауданының Васильков елді мекенінің жанынан сақ жауынгерлерінің сүйегі табылды. Екеуі де жауынгер болған деген болжам жасалуда. Себебі қару-жарақтары бірге жерленген. Мамандардың айтуынша,  жерлеу тәсілі темір дәуірінен ерте орта ғасырға өтпелі кезеңге тән. Адам қаңқасынан бөлек, обалардан қару-жарақ қалдықтары, яғни жебенің ұштары, қорамсақ, пышақ, ыдыс-аяқ, әшекей бұйымдар, ат әбзелдері және үй жануарларының сүйектері шықты. Табылған заттардың барлығы темірден жасалған. Археологтар жәдігерлерді зерттеуге жолдамақ.

 

Жасұлан Үкеев, Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының археологы:

 

Аттың үзенгілерімен, үлкен салмақты жебенің ұштарымен мұндай жәдігерлер табылмаған болатын. Жебенің ұштары бұған дейін Ормандыбұлақ қорымынан табылған болатын, яғни ерте темір дәуірі және қола ғасырына тән. Ал мына жерде нақты орта ғасырлық деп айтуға болады, ерте ортағасырлық.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

 

 

Хабарламаларға жазылу