37 секундта 100 мың дана. Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке альбомы осындай рекорд орнатты. Оның ән жинағы қас-қағым сәтте платинаға айналды. Бір сағаттың ішінде бір емес үш мәрте «платиналық» деңгейге жеткен. Жалпы әр елде музыкалық альбомның сатылымына қарай әр түрлі өлшенеді. Мәселен, алтын, платина және бриллиант деген мәртебелері де бар. Димаштың өзі: «менің табысым сіздердің арқаларыңызда»,- деп тыңдармандарының ықыласына ризашылығын білдірді. Ал біз әкесімен телефон арқылы тілдесіп, құттықтауымызды жеткіздік. Баласының кезекті жетістігі туралы сұрап білдік.
Қанат Айтбаев, Димаш Құдайбергеннің әкесі:
Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне арналған альбом. QQ music платформасында жасалған дүние ғой. Сол альбомның шығуын 700-дей фанат өздерінің дайындықтарымен тағатсыздана күтеді. Соны бірден сатып алып жатыр. Алғашқы сағатта-ақ 300 мың данасы бірден өтіп кеткенге ұқсайды. Ол қазақстандық әнші деп насихатталады қай жерде де. Ол елдің имиджі үшін, біздің музыканың басқа жақта тыңдалып жатқаны үлкен қуанышты жайт.
Ал қазір Димаш «Арнау» атты жеке концертіне қызу дайындық үстінде. Музыкалық кеш 29-маусымда Елордадағы «Астана Арена» стадионында өтетінін тағы бір еске саламыз.
Нысаналы ЫҒЫЛ