Ұлттық арна Орбұлақ шайқасы туралы тарихи телехикаяның түсірілімін бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна Орбұлақ шайқасы туралы тарихи телехикаяның түсірілімін бастады

13.06.2019

Орбұлақ шайқасы туралы тарихи телехикаяның түсіру жұмыстары басталды. Сегіз бөлімнен тұратын кинотуынды Ұлттық арна эфирінен көрерменге күзде жол тартады деп жоспарланып отыр. Биыл Орбұлақ шайқасына 376 жыл толды. Бұл телетоптама бабалар рухына тағзым ретінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылмақ.

 

Алмат Әбдіраман, тілші:

Орбұлақ шайқасында 600 Қазақ сарбазы 50 мың жоңғар қолын тас-талқан етіп жеңеді. Бізге аңыз болып көрінгенмен, тарихи шындық - осы. Дәл қазір түсірілім алаңында режиссер бастаған топ Салқам Жәңгірдің Жарбұлақ маңайында батырлармен бірге жиналып, жоңғарларға қарсы қандай тактика қолдануға керектігін ақылдасып жатқан сәтін түсіріп жатыр.

 

Жәңгір сұлтанның сардарлармен ұрыс алаңында жүруі көшпенділердің демократиясын көрсетеді. Себебі, ол кезеңде хан-сұлтандармен ашық әңгімелескен батырлар майдан алаңындағы шабуылдарды дәл осылай ат үстінде отырып келіскен. Сондықтан, аз әскермен сан мың қолға оңай төтеп береді.

 

Мұрат Бидосов, қоюшы-режиссер:

Жобаны арнайы тарихи орнына келіп түсіріп жатырмыз. Логистика жағына үлкен мән бердік. Актерлік құрамы да әр жерден таңдалды. Өйткені, орындалатын персонаждардың саны көп.

 

Актер құрамы елдің барлық өңірінен таңдалып алынды. Өйткені, түрлі типаждағы актерларды тарту міндеті қойылған. Сондықтан, бұл жобада тек Алматы мен Нұр-Сұлтанның театр актерлары емес, Түркістан, Жезқазған, Талдықорған аймағынан келген өнер ұжымдарының өкілдері бар. Телехикая ешқандай дубляжсыз, қазақ тілінде түсіріліп жатыр. Оған қоса, жоңғарлардың рөлін қазақтың майталман актерлары сомдайды. Сырттан ешқандай актер тартпаған.

 

Айдар Аманбайұлы, актер:

Бабаларымыздан қалған рухты жаңғыртып, осындай үлкен кинотуындылар жасау қазіргі таңда өте керек-ақ. Сондықтан да мұндай үлкен рөлдерді сомдау әрбір актердің арманы дап ойлаймын.

 

Режиссердің сөзінше, көркем туындыда оқиғаның бір бөлігі ғана көрсетіледі. Сценарийге сай, фильмнің реквизиті де түгел. Тап сол тарихи кезең айна-қатесіз суреттеледі.

 

Ал телехикаяның кеңесшісі - Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қаламгер Бексұлтан Нұржекеев. Сценарийдің авторы - талдықорғандық жас драматург Қолғанат Мұрат. Ол былтыр шайқастың 375 жылдығына орай сахналық драмасын көпшілік назарына ұсынған.

 

Қолғанат Мұрат, сценарий авторы, драматург:

Әрине, сценарийді жазу барысында бірінші ақыл берген кеңесшіміз жазушы Бексұлтан ағамыз. Ол кісінің пікірімен, режиссердің ойымен санасып, Орбұлақ жайлы зерттеген мамандарымыздың еңбегіне сүйендік. Сол бойынша жазылып шықты.

 

«Найзаның ұшы, білектің күшімен ұланғайыр даланы сақтап, бізге аманат еткен бабалар ерлігі - бүгінгі буын мен келер ұрпаққа үлгі. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурация кезінде айтқан сегізінші бағыты, яғни Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асқан телетуынды көрермендердің көңілінен шығады деп үміттенеміз», -деді қоюшы-режиссер.

 

Алмат ӘБДІРАМАН

 

Хабарламаларға жазылу