Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде Әлия Молдағұлованың құрметіне шара өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде Әлия Молдағұлованың құрметіне шара өтті

30.04.2019

Жеңіс мерекесі қарсаңында Мәскеу қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №402 орта мектептің оқушылары мен мұғалімдері Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде қонақта болды. Балалар елшілік ғимаратындағы қазақстандық-ресейлік қарым-қатынасқа арналған мұражайды аралады. Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың есімін иеленген мектепте білім алып жатқан жастардың қазақ еліне деген көзқарасы ерекше. Сондықтан екі елдің достығы мен саяси-экономикалық байланыстарына арналған тарихи құжаттармен танысқан оқушылар мұражайдан ерекше әсер алып шықты.

Содан соң олар қазақ дипломаттарына арналған шағын әдеби кеш өткізіп, Әлияның ерлігі жайлы жалынды жырларын оқыды. Кездесудің соңында оқушылар елшіліктің алғыс хатымен мараптталды.

Ольга Минаева Ә.Молдағұлова атындағы №402 орта мектебі мұражайының жетекшісі:

- Біздің оқушылар елшіліктің мұражайын ерекше ықыласпен аралап шықты. Оларға, әсіресе, соғыс жылдарына арналған жәдігерлер қызық болды. Себебі біздің мектебіміз Әлия Молдағұлованың атында болғандықтан, біз Қазақстанға қатысты дүниелерге ерекше құрметпен қараймыз. Өз мектебіміздегі шағын музейде де біз Әлияның ерлігін үнемі келген жұртқа айтып отырамыз.

Денис Лещук, Ә.Молдағұлова атындағы №402 орта мектебінің 9-сынып оқушысы:

- Елшіліктің мұражайына келгеніме өте қуаныштымын. Өйткені мен бұрыннан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы көбірек білгім келетін. Енді міне, сондай мүмкіндік туып, Нұрсұлтан Назарбаев жайлы, жалпы екі елдің байланыстары жөнінде бұрын естімеген ақпараттарға қанықтым.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу