Белгілі күйші, музыкатанушы Жарқын Шәкәрім дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белгілі күйші, музыкатанушы Жарқын Шәкәрім дүниеден озды

16.04.2019

Дәстүрлі өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға 72 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Жарқын Жақияұлы - қазақ телевизиясының ардақты ардагері. Ол Ұлттық арнаға 30 жыл ғұмырын арнап, ұлттың ән-күйін насихаттады. Телевизия саңлағының саф алтындай сапалы бағдарламалары әлі халық жадында.

Бұл - Жарқын Шәкәрімнің алтын қорда сақталған жарқын келбеті. Қара шаңыраққа өткен ғасырдың 70-ші жылдары келген ол музыка редакциясында қызмет етіп, халықты дәстүрлі ән-күйімен қауыштырды. «3амана бұлбұлдары», «Күй-шежіре», «Інжу-маржан», «Домбыра сазы», «Терме» тәрізді хабарлар жасап, ел ішінде еленбей жатқан бай мұраны жарыққа шығарды.

Нұртілеу Иманғалиұлы, Қазақстанның құрметті журналисі:

- Жарқынның эфирде жасаған жұмыстарының өзін қазір архивтен қарап отырсаңыз, өзі қазақ өнерінің сол кездегі шарықтап тұрған саласын емес, мынау біздің Кеңестік жүйеде, не болмаса өзіміздің салт, ұлттық құндылықтарымызға жақын музыка өнерін зерттеушілердің бірі екендігін түсіну онша қиын болмайды.

Жарқын Жақияұлының есімі естілгенде ойға бірден үш ішекті домбыра оралады. Өйткені ол ұмытыла бастаған осы аспапты қайта жаңғыртты. Бірнеше халық күйін таспаға басып, өзі де «Таскескен», «Абыралыдағы ата зары», «Дүние-кезек» сынды төл туындыларын шығарған. Күй өнерінің құдіретін ұққан өнер жанашыры «Сазген» фольклорлық ансамблін құрып, Ықылас атындағы халық аспаптары музейін ашуға бастамашы болған.

Ерлан Төлеутай, дәстүрлі әнші:

- Қазақтың музыкасын зерттеу үшін жаралған адам еді. Өзі ақжолтай адам болды. Ол кісі 18 жасында Мәдидің суретін табады. Бұл үлкен бір рухани олжа болады қазақ үшін. Енді қазіргі заман тілімен айтсақ, сенсация. Ол кісі 1974 жылы Әміренің дауысын тапты. Мәскеуден. 

Осы бір алтын дауысты халқымен қауыштырған Жарқын Шәкәрім Әміре туралы 6 кітап жазды. Бұдан бөлек, «Ән жұлдызы» «Малайсары биден Шәмілге дейін», «Тас кескен тағылымы» «Нұрғиса Тілендиев» сынды елеулі еңбектері бар. Оның бәрі енді келешек ұрпақ үшін алтын мұра болып қалды.

Өз мақсатын ел мұратымен ұштастырған тұлғамен қоштасу рәсімі ертең сағат 10:00-де «Qazaqstan» Ұлттық арнасының Алматы филиалында өтеді.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу