Димаш туралы деректі фильм түсіріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

04.04.2019

Димаш Құдайбергеннің елордада өтетін концертіне билеттердің 70 пайызға жуығы сатылып кетті. Әншінің шығармашылық кешіне қызығушылық білдіргендердің арасында АҚШ, Латын Америкасы, Еуропа елдерінің азаматтары бар. Бұл туралы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин айтты. Оның сөзінше, Ұлттық арна бүгінде Димаш туралы деректі фильм түсіріп жатыр.

Халық 29 маусымды, Димаштың елордада өтетін концертін тағатсыздана күтіп жүр. Бұл кештің билеттері наурыздың 18-нен сатыла бастады. Содан бері небәрі жарты айдың ішінде 15 мыңнан астам адам әншінің өнерін тамашалауға ниет білдірген. Билеттер сатылымға шыққан алғашқы күні-ақ оның 30 пайызы саудаланған. Концертке келем деушілердің көбі - қазақстандықтар. Одан кейін Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Түркия елінің азаматтары. Тіпті, Бразилия, Мексика, Австралияның өнерсүйер қауымы да бар.

Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы:

- Концертке дайындық жоғары деңгейде. Әрбір нөмір шағын спектакль сияқты. Яғни, көркемдік қойылымдар болады. Бишілер тобының құрамын арнайы кастингпен іріктеп алдық. Димаштың концертінде жаңа әндер орындалатын болады.

Ұлттың арна Қазақстанның атын әлемге әйгілі еткен Димашқа арнап деректі фильм де түсіріп жатыр. Туындыда әнші туралы бұрын жарияланбаған түрлі бейнематериал көрсетілмек. Режиссерлік топ әртістің Ресейдегі, Қытайдағы концертіне барып, сахна сыртында түсірілім жасаған. Әншінің әріптестерімен сұхбаттасқан. Фильм көрермендерге күзде көрсетіледі.

Отандық фильмдерді енді offline режимде де көруге болады. «Қазақстан» корпорациясының басшысы тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісті. Kinomax мобильдік қосымшасы арқылы Ұлттық арна түсірген көркем және деректі фильм, хикаялар мен анимациялық туындыларды тамашалауға болады. Онда кішкентай бүлдіршіндер үшін «Балапан» режимі де қарастырылған.

Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл - үлкен жоба. Жылына біз шамамен 13-15 сериал түсіреміз. Қазірдің өзінде біздің видеокітапханамызда 100-ге жуық сериал мен фильмдер жиналған. Kinomax - Andriod және iOS платформаларында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді видеосервис.

Бұл видеоқызмет отандық контентті дамытумен қатар, аудитория сұранысына сай сапалы жобаларды ұсынады. Осы арқылы көрермендер түрлі жанрдағы медиатуындыларды тамашаламақ.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу