Алматыда Қазақстан авторлары қоғамынының жалпы жиналысы өтті. Соңғы жылдары басынан дау арылмай жүрген қоғамның кезектен тыс басқосуына келген авторлар ұйымның тізгінін жаңа төрағаға ұстатты. Сондықтан, ақын-жазушылар мен композиторлар құрылымның жұмысы жүйеленіп, қаламақы мәселесі біржақты болады деп үміттенеді. Ал, жаңадан сайланған төраға істі ашық жүргізіп, қордаланған мәселелерді шешемін деп уәде берді.
Қазақстан авторлары қоғамының құрамында 3400 адам бар. Олардың 10 пайызы, яғни, 340 адам ұйымның өкілі болып есептеледі. Осы 340 адамның жартысынан көбісі жиналса, ашық дауысқа салу арқылы жаңа басшыны сайлауға мүмкіндігі бар. Сондықтан, өз құқықтарын пайдаланған көпшілік бірауыздан жаңа төрағаға дауыс берді.
Марат Ілиясов, композитор, «Құрмет» орденінің иегері:
Композиторлардың ішінде Қазақстанды дүниежүзіне әйгілеп, музыкаларымен елімізді таныстырып жүрген Балнұр Қыдырбек. Сондықтан, бірауыздан Балнұр Балғабекқызына дауыс берілді.
Осылайша, төрағаларын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып сайлаған Қазақстан авторлары қоғамы кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Кеңестің негізгі құрамының басым көпшілігі бұған дейін сайланған өкілдер. Енді қызметкерлерді тағайындауға байланысты өзгерістерді кеңестің дауыс беруімен жаңа төраға енгізеді.
Балнұр Балғабекқызы, Қазақстан авторлары қоғамының төрағасы:
260 адам қатысты. Жиналысты бастаған кезде 182 адам еді. Одан кейін ақырындап қосыла бастады.
Сонымен бірге, алқалы жиынға Ресей, Беларусия, Әзірбайжан мен Қырғызстан мемлекеттерінің авторлық қоғамынан да арнайы өкілдер келді. Көрші елдердің жұмыс тәжірибесімен бөліскен құрылымның басшылығы енді цифрлық технологияны енгізу арқылы жұмыс сапасын халықаралық деңгейге көтеруге күш жұмсамақшы.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ