Абай елі Наурызды тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай елі Наурызды тойлады

25.03.2019

Ұлыстың ұлы күні ұлылар мекені - Абай жеріне де ерекше салтанатпен атап өтті. Ақ дастарқан жайып, ақ тілек айтқан ауылдағы жұрттың көңіл-күйі көтеріңкі. Ақшаңқан үй тігіліп, мол дастарқан жайылды. Салт-дәстүрді ұлықтаған халық шат-шадман күйде.

Жыл басы, молшылық пен береке мейрамы Абай ауданының орталығы Қарауылда тойланды. Тігілген ақшаңқан киіз үйдің есігі ашық. Аста-төк дастарқан жайылып, халық Наурыз көжеден дәм татты. Берекесі артқан ұлы ақын елінің болашаққа сенімі зор.

Төлеген Жанғалиев, ақын:

- Жылылық керемет! Адамның көңіліндегі жылылық бар. Адамның мейірімдегі жылылық бар. Сол жылылық жалғаса берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Бұл күні аудан орталығында салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа насихаттайтын «Нұр сана» орталығы ашылды. Орталық алаңда Наурыз тойы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ұлттық құндылықтар насихатталды. Театрландырылған көріністер мен салт-дәстүрлердің салтанатты көшін көпшілік тамашалады. Талай талантты тудырған мекенде биыл той көп.

Жарқынбек Байсабыров, Абай ауданының әкімі:

- Алаштың әншісі, Алашқа ән оздырған Жәнібек Кәрменовтың 70 жылдық мерейтойын тойлаймыз. Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойына арналған шаралар да Абай ауданында өтеді. Басқа да үлкен жоспарларымыз бар.

Халықтық мерекеде «Мешкейлер сайысы», «Қошқар көтеру», Асық ату сынды ұлттық ойындар думанның көркін қыздырды. Әз-Наурыз Абай еліндегі әр ауылда осылай аталып өтілді. Ақ пейілді ауыл жұрты жаңару мерекесі елімізге бақыт әкелсін деп тілейді.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу