Мектепте қамшы өру үйірмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектепте қамшы өру үйірмесі ашылды

21.03.2019

Павлодар облысы Ақсу қаласындағы Мәмәйіт Омаров атындағы ауыл мектебінде ерекше үйірме ашылды. Онда оқушылар қамшы өреді. Ұлттық өнерге, әсіресе, жоғары сынып оқушыларының қызығушылығы ерекше. Себебі мектеп бітіруші түлектер кәсіп меңгереді. Қазірдің өзінде оқушылар сый-сияпаттың төресі, шаңырақтың киесі, тіпті, ер жігіттің қаруы саналатын қамшының 20-дан астам түрін игерген.

Болат Аманбаев, тілші:

- Қамшыны қолданылуына байланысты түр-түрге бөлген. Мәселен, менің қолымдағы дүре қамшы деп аталады. Мұнда өрім жоқ, таспасы осы таралған күйінде қалған. Бұл қазіргі уақытта ұмытыла бастады. Себебі қолданылмайды. Негізі ерте замандарда дүре соққан кезде білек көтерілмейтін болған. Былай сыйпай ғана соғып, айыбы бар адамды тәубесіне келтірген. Ал, мынау бозбала қамшы. Бұнымен былай қозғалақтатып, әдемі дыбыс шығаруға да болады. Қазақы тілмен айтқанда нағыз «қызды ауылдың итін шулататын» қамшы бұл.

Жиенхан ұстаз балаларға қамшының 20-дан аса түрін жасауды үйретеді. Теріні өзі илеп, таспа тіледі. Оқушылар әзірге қайыстан өрме жасауды меңгерген.

Бейбарыс Шұғылаұлы, 11-сынып оқушысы:

- Бұл жұмыр өрім деп аталады. Мен осы уақытқа дейін ұстазымнан қамшының 8 түрін өріп үйрендім. Қамшыны мен болашақта өріп, дамытып, тері кәсібімен айналысып, қамшыны алдымен достарыма сыйлап, келесі соны өзіме бір кәсіп ретінде ашқым келеді.

Бүгінде бала біткен бизнесмен болуды армандайды. Дегенмен, осы қамшы өруді ауыл ғана емес, қала баласы да жатсынбай, үйренуге құмар. Сондықтан ерекше үйірме Ақсу қаласы мектептерінде де ашылды.

Бір қызығы үйірмеге келетін оқушылар өздерімен бірге асық әкеледі. Қазіргі 3 мыңнан аса асық жиналған. Бірқатары түрлі бұйымдар жасауға жаратылды.

Жиенхан Қаманай, ұстаз, үйірме жетекшісі:

- Мынау - асық. Бұл - үлкен қойдың асығы. Асықтың бәрін жинап аламыз, мына арнайы тұзы бар суға қайнатамыз. Оның барлығын тазартамыз. Одан кейін жабыстырып, массажер істейміз. Асықтың құрамында адам денсаулығына пайдалы элементтер өте мол.

«Мақсатым - халқымыздың рухани зердесінде, мәдени-тұрмысында мән-маңызға ие бұйымдарды жасауды үйрету. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ұрпақ осылар ғой»,-дейді шебер.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу