«Ұлы даланың алтыны». Мәскеуде осындай атаумен тарихи көрме ашылды. Қазақстанда табылған үшінші «Алтын адам», сақ дәуіріндегі алтын бұйымдар. Ресейліктер енді осы және өзге де құнды жәдігерлерімізбен таныса алады. Шығыс Қазақстаннан табылған бұл заттар әлемдік деңгейдегі археологиялық құндылық саналады. Мәселен, Шілікті қорымынан шыққан жәдігерлер 970-ші сынамалы сом алтыннан, саф алтыннан құйылған.
Ұлы даланың алтыны - Мәскеу төрінде. Шығыстағы Берел, Шілікті, Елеке сазы қорымдарынан табылған жүздеген құнды жәдігер Ресейге арнайы әкелінді. 3 мың жыл бұрын жасалған бұл алтын бұйымдар бүгінде жалпы адамзаттың баға жетпес байлығы саналады.
Иманғали Тасмағамбетов, ҚР-ның РФ-дағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Бұл көрме бірнеше мыңдаған жылдар бойы Еуразияда, соның ішінде Қазақстанда қалыптасқан бай тарихи-мәдени мұрамыздың айқын дәлелі. Жалпы, Алтайдың қазақтар үшін, түркілер үшін ерекше маңызды өңір екені, Президенттің «Ұлы даланың 7 қыры» атты мақаласында да айтылған. Ендеше әлемдік деңгейдегі арехологиялық құндылықтан жақсы әсер аларсыздар деген ойдамын.
Мұндағы әрбір зат - тұнып тұрған тарих. Аң стиліндегі әшекейлер, сырғалар мен моншақтар, белдік пен өзге де сәнді бұйымдардың барлығы алтыннан жасалған. Ал мынау, Берелден шыққан жылқы мен ат-әбзелдері.
Владислав Кононов, РФ Мәдениет министрлігі мұражайлар департаментінің директоры:
- Қарапайым ресейліктер Қазақстанның терең тарихын толыққанды білмеуі мүмкін. Ал, осындай көрменің арқасында біз қазақтың бай тарихынан, қазақ мемлекеттілігінің қандай болғанынан хабардар боламыз. Сондықтан, мұндай шаралар керек.
Көрмедегі ең көрнекті дүние – Шіліктінің «Алтын адамы». Бұл Қазақстанда табылған 3-ші Алтын адам болғанымен, жасы жағынан ең көнесі. Оны іздеп-тауып, зерттеген ғалым Әбдеш Төлеубаев мыңдаған жылдар бұрын қазақ даласында керемет зергерлік өнер мен түсті металлургияның болғанын дәлелдеді. Мәселен, мына бір ұсақ тізбелердің көлемі 1 мм ғана.
Әбдеш Төлеубаев, археолог, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры:
- Ол тарыдай, тіпті одан да кішкентай, қарамықтай. Осы алтынның бір жағына түймелік дәнекерлеген. Ана дәнекердің ұшы кішкене иненің ұшындай ғана болу керек. Ал дәнекерлеу үшін 1050 градус жасау керек болған. Оны бүгінгі технологиямен жасаудың өзі өте қиын.
Көрме 24 наурызға дейін жалғасады. Осы аралықта «Ұлы даланың алтыны» мыңдаған адамның санасын өзгертері сөзсіз.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Сақтардың саф алтыны сан-саққа жүгірген талай күмәнді ойларды сейілтуге сеп болады. Себебі көрмеге келген адам мұндағы жәдігерлермен танысқан соң, «қазақтың тарихы қаншалықты терең, қазақ даласында мемлекеттілік болды ма?» деген сауалды қоюдың өзі артық екенін бірден түсінеді.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ