«QAZSPORT» халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«QAZSPORT» халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанды

07.02.2019

Әріптестеріміз түсірген Паралимпиада жеңімпазы Зульфия Ғабидуллина туралы «История маленькой русалки» деп аталатын деректі фильм «Атлант» XIII спорттық фильмдер фестивалінде бірінші орын алды. Жеңімпазды марапаттау рәсімі Мәскеу қаласындағы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде өтті.

«Атлант» халықаралық фестивалі спорт саласы бойынша әлемдегі ең ірі 5 байқаудың бірі саналады. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы сайысқа барлығы 70 жоба қатысқан. «QAZSPORT» дайындаған туынды «Спорт және қоғам» номинациясы бойынша бірінші орын алды.

Александр Любимов, «Атлант» XIII спорттық фильмдер фестивалінің бағдарламалық директоры:

- Фильм авторларының еңбегін барынша шынайы бағаладық. Қазылар алқасының арасында түрлі пікірталастар өтті. Алайда «QAZSPORT» телеарнасының фильмін бірауыздан жеңімпаз деп таныдық.

Фильмнің басты кейіпкері - еліміздің Паралимпиада чемпионы Зульфия Ғабидуллина. «QAZSPORT» арнасы түсірген туынды арбаға таңылса да, еңсесі түспеген осы бір қайсар жанның тағдыры туралы.

Зульфия Ғабидуллина, Паралимпиада чемпионы:

- Менің өмірім спортпен байланысты болғандықтан, көбінесе спорттық жарыстарда бірінші орын алып жатамын. Ал, енді мен қатысқан деректі фильм жүлде алды дегенде қатты таң қалдым әрі қуандым. Бұл - фильмді түсірген шығармашылық ұжымның еңбегі. Біздің елімізде осындай талантты адамдардың бары мені қуантады. 

Деректі фильмнің сценарий авторы әрі радакторы - Аян Төлеген. Әріптестеріміз бұл жобаны 3 ай бойы бірнеше қалада түсірген. Сөйткен ұжымның еңбегі ақталды. Жүректен шыққан жоба жүрекке жетіп, жүлделі болды.

Аян Төлеген, «История маленькой русалки» фильмінің сценарий авторы және редакторы:

- «QAZSPORT» телеарнасы тұңғыш рет xалықаралық фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Осыған орай «QAZAQSTAN» телерадиокорпорациясы мен «QAZSPORT» телеарнасына алғыс айтамын. Фильмнің дүниеге келуіне үлес қосқан режиссер Серік Кете мен операторлардың ұжымын атап өткен жөн.

Қазақстандағы танымал спортшылардың тағдыры мен еліміздің айтулы жеңістері туралы «QAZSPORT» арнасы түсірген бұдан өзге де фильмдер жеткілікті. Әріптестеріміз бұл тақырыпта әлі талай тың дүние түсіруді жоспарлап отыр. 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу