Корея елшісі жеке кабинетін көрсетті
Қазақстандағы Корея Республикасы елшісінің жеке кабинеті қандай? Елшілік жұмысын көрсетуде әлеуметтік желінің маңызы қандай? Чжо Тэ-ик мырзамен Ұлттық арна тілшісі Темірлан Нұржанұлына экслюзив сұхбат беріп, екі елдің қазіргі қарым-қатынасы жайлы толығырақ айтты. Бірге көрейік...
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Қайырлы күн, Чжо Тэ-ик мырза! Бізді елшілікте жылы қарсы алғаныңыз үшін алғысымызды айтамыз!
Чжо Тэ-ик, Қазақстандағы Корея Республикасының елшісі:
Қайырлы күн! Келгендеріңізге рахмет!
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Жеке жұмыс бөлмеңізді, кеңсеңізді көрсетесіз бе? Онда корей мәдениетін танытатын қандай заттар бар? Көрермендер үшін бұл өте қызық болады деп ойлаймын.
Чжо Тэ-ик, Қазақстандағы Корея Республикасының елшісі:
Мен дипломат ретінде өз мәдениетімізді әрдайым дәріптеп жүремін. Мына галстукқа назар аударсаңыз, мұнда корей халқының дәстүрлі күресі бейнеленген. Кеңсенің ішінде ұлттық бұйымдарды көре аласыз. Міне, менің жұмыс бөлмем. Мұнда қазақстандық кәдесыйларды да қойып қойғанмын.
Бұл мен бағана айтқан дәстүрлі күрес жеңімпаздарына берілетін арнайы марапат. Сосын мынаған қараңыздар, тхэквандо белбеуі.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Ал мына зат ше?
Чжо Тэ-ик, Қазақстандағы Корея Республикасының елшісі:
Ал мұны маған спорт министрлігі сыйға тартқан. Көріп тұрғандарыңыздай, қобыз, домбыра және шаңырақ бар.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Жұмыстарыңызды әлеуметтік желіден жиі көріп тұрамын.
Мысалы, TikTok-та консулдың жеке парақшасы бар. Онда жағымды пікірлер өте көп.
Осындай цифрлық ашықтықтың коммуникацияны нығайтудағы рөлін қалай бағалайсыз?
Мінекей, сізге видеоның өзін көрсетейін.
Чжо Тэ-ик, Қазақстандағы Корея Республикасының елшісі:
Халыққа бұл өте қызық. Біздің консул өте белсенді, мен де оларды мұндай платформаларды көбірек қолдануға ынталандырып жүрмін. Себебі адам өз көзімен көрсе, сенеді. Біреудің айтқаны жеткіліксіз. Егер жай ғана жарнама берсек, оны ешкім байқамай қалуы мүмкін. Ал мұндай контент – тез тарайды, көп адам көреді.
Келесі жылы Сеулде алғаш рет «Корея – Орталық Азия» саммиті өтеді
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қазіргі қарым-қатынасты қалай сипаттар едіңіз?
Чжо Тэ-ик, Қазақстандағы Корея Республикасының елшісі:
Қарым-қатынасымыз өте жақсы, тіпті тамаша деп айтар едім. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылы Кореяға мемлекеттік сапармен барды. 2004 жылдан бері біздің әр президентіміз Қазақстанға келіп отырады. Бұл Қазақстанмен арадағы байланысқа қатты мән беретініміздің дәлелі. Келесі жылы Сеулде алғаш рет «Корея – Орталық Азия» саммиті өтеді. Біз осы саммит аясында сіздердің президенттеріңіз тағы келеді деп күтеміз. Жалпы, арадағы серіктестік үнемі нығайып келеді. Алда да жүзеге асыра алатын табысты, екіжақты тиімді жобалар көп.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Сұхбат үшін алғысымыз шексіз!
Чжо Тэ-ик, Қазақстандағы Корея Республикасының елшісі:
Сіздерге де көп рахмет!
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы