«Ұлы дала» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлы дала» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды

01.02.2019

Өткен жылдың соңында Президент «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тың берген еді. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы бірнеше жобаны қолға алды. Мәселен, жуырда еліміздің барлық аймағында «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалі бастау алса, бүгін жас қаламгерлерге арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы мәресіне жетті.

Әлемнің прогресшіл халықтары бір-бірін әдебиеті мен өнері арқылы танып мойындайды. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала тарихи сананы жаңғыртып, өткенге көз жүгіртуге мүмкіндік берсе, «Ұлы дала» байқауы шын таланттардың талаптарына демеу болмақ. Мақсаты - жас буынға мүмкіндік беру арқылы өскелең ұрпақ арасында ұлттық кодты сақтап, жас әдебиетшілердің таным-түйсігінің ұшталып, талғамының таразыланып, талантының ұшқындай бастауына қолдау көрсету.

Байқауға 18-40 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты. Суреткерлік пен ойшылдықты, философиялық ой толғаудағы жаңалықтарды, көзқарас пен дүниетанымдағы диалектикалық тереңдікті қамтыған бәсекеде 5 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды, 400-ден астам жұмыс түскен. Бірінші орынға -1,5 миллион теңге, 2-орынға - 750 мың теңге, 3-орынға 500 мың теңге берілді.

Көпен Әмірбек, сықақшы, қазылар алқасының мүшесі:

- Осыған дейін талай байқауларды көріп жүрміз. Бұл байқау - жаңалық. Неге? Жастарды қолдау. Кішкене серпіліс туғызды. Шығармалардың бәрі бір-бірінен өтеді.

«Бұл байқау шығармашылығымызды шыңдауға әсер етіп, шабыт сыйлайды», - дейді қатысушылар. «Балаларға арналған шығармалар» номинациясында Асылан Тілеген екінші орынға ие болды. Асыланның арманы үй алу еді. Бірден соның қамына кірісті. Банкке барды, алғашқы жарнаны төледі. Яғни, байқаудың арқасында тағы бір қазақ баспаналы болмақ.

«Драматургия» көркем фильмдер мен телехикаялар сценарийі аталымында таяуда ғана «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан көрсетіліп, көрермен көңілінен шыққан «Кейкі мерген» телехикаясының сценарийін жазған Сержан Зәкерұлы I орынға лайық деп танылды. Айта кетейік, комиссия құрамында елімізге белгілі, белді қаламгерлер болды.

Жанат Жаңқашұлы, жеңімпаз:

- Біз үшін ең әділ өткен мүшәйра деп санаймыз. «Ұлы даланың жеті қырына» көңіл бөлген Елбасына рахмет. Қазақ елі жасай берсін!

«Нұр Отан» партиясы зиялы қауымға, ақын-жазушыларға, мәдениет пен өнер саласында тер төгіп жүрген барша азаматтарға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатыр. Жазушылар одағымен арнайы меморандумға қол қойған, өзге де ірі жобалар бар.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу