Президенттің қатысуымен ауыл әкімдерінің форумы өтті
Енді ауылдардың маңында орналасқан кәсіпорындардан түсетін салықтың бір бөлігі сол елдімекендердің қазынасында қалады. Сондай-ақ бірқатар өңірге экологиялық айыппұлдар толық төлене бастайды. Президент ауылдардың бюджетін ұлғайтуға тапсырма берді. Бүгін Астанада тұңғыш рет ауыл әкімдерінің форумы өтіп, шалғайдағы ағайынның мәселелері республикалық деңгейде талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз.Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет 2500 ауыл әкімі бас қалада бас қосты. Жиынға келгендердің арасында ең жасы 30-ға да жетпеген жас әкімдерден тартып, 30 жыл ел басқарған тәжірибелі басшыларға дейін бар.
Арман Абылғазы, Заречный ауылдық округінің әкімі:
Жасым 28-де бірінші рет сайланып отырмын. Қазір сол ауылдың тұрғынымен, сол ауылдың халқы сайлады. Үш жылым бар, үш жылдың ішінде ауылымды көркейтіп, жақсы жағынан көрсетуге тырысамын.Нұрлан Назарханов, Шұғылбай ауылдық округінің әкімі:
Бес ауылдық округте әкім болдым. Еңбек өтілім 30 жылдан асады. 11 айдан кейін зейнеткерлікке шығамын. Бүгін ұйымдастырылып отырған форумы біз үшін үлкен бір кездесу алаңы. Қазақстанның түкпір-түкпірінен әкімдер келіп жатыр. Сондықтан мен бүгінгі форумнан көп жақсы нәрсе күтем.Соңғы 5 жылда халық 3 мыңға жуық ауыл әкімін тікелей сайлаған. Бұл реформа өзінің оң нәтижесін беріп жатыр, - дейді депутаттар. Елдімекендердегі әулеуметтік мәселелер оңтайлы шешіліп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Дегенмен атқаратын шаруа көп, түйіні тарамаған түйткілдер де аз емес. Ал бүгінгі форум сол мәселелерді республикалық деңгейде талқылауға мүмкіндік берді.
Президент те форумға жиналған ауыл әкімдерін еркін пікір айтып, ұсыныстарын ортаға салуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз ай сайын осы форматта, осы құрамда жиналып отырмаймыз. Бүгін өзекті, өте маңызды мәселелер айтылып жатыр. Әкімдерге міндетті түрде сөз беруіміз керек.СҚО-ға қарасты Вагулино ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкинка шекара маңындағы ауылдарды дамыту және заңды тұлғалалардан жиналатын салықтың бір бөлігін елді мекендерге беру мәселесін көтерді.
Ирина Шишкинка, Вагулино ауылдық округінің әкімі:
Біздің ауылдың кірістері 21 млн теңге. Ал, шығын 5 есе көп. Бізді облыс, аудан әкімдігі қаржылай қолдайды. Дегенмен дотацияға қатты тәуелдіміз. Осы мәселені шешу үшін заңды тұлғалалардан жиналатын салықтың бір бөлігін ауыл бюджетіне бағыттаса дұрыс болар еді.Мемлекет басшысы ауылдық округтердің өзін өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілгенін және жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылғанын жеткізді. Сондай-ақ енді ауыл маңында шоғырланған кәсіпорынан түсетін салықтың бір бөлігі елдімекендер қазынасында қалады, - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді. Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет.Сондай-ақ енді бірқатар өңірге экологиялық айыппұлдар толық төлене бастайды. Ауыл әкімдері кадр тапшылығы мәселесін де қаузады. Мемлекетке қайтарылған жерлерді тұрғындарға бөлу процессі әділ әрі ашық жүргізулуі керек деген бұйымтайларын да жеткізді. Ал кейбір ауыл атқа мінерлері міндеттеріне жатпайтын жұмысты атқаруға мәжбүрміз деп базынасын айтты.
Медет Бекжанов, Тәңірберген ауылдық округінің әкімі:
Ашық айтсам бізді мал жою немесе жол көлік оқиғалары үшін әкімшілік айыппұл салуға міндеттейді. Шын мәнінде әкімдерден тергеу мен іздестіру элементтері талап етіледі. Сонымен қатар әкімдер қанғыбас жануарларды ұстау тіпті оларды ату сияқты мәселелермен айналысуға мәжбүр. Бүгінде ауыл әкімінің 40-қа жуық міндеті құзіреті бекітілген. Алайда жаңа міндеттер мен сайлауалды талаптарды ескере отырып бұл нормаларды қайта қарау керек деп есептеймін.Қасым-Жомарт Тоқаев айтылған әрбір ұсыныс пен талап-тілектерді түртіп алып, тиісті министрлер мен жауаптыларға қаузалған мәселелерді тез арада шешуді тапсырды. Бұдан былай әкімдердің өкілеттілігі күшейеді. Сонымен қатар жауапкершілігі де артпақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беріп тұруға тиіс. Мұны заңмен бекіту керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет.Соңғы жылдары ауылдардың тыныс-тіршілігі түрленіп келеді. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 8,3 триллион теңгеге жетті. 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Оған қоса ауылдарды цифрландыруға бас мән берілмек. Президент Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. «Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі»,- деді. Еске саламыз Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейінгі алғашқы жарлығы да осы ауылды дамытуға арналған еді.
Автор
Нұрсұлтан Тілектес
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Жылыбұлақ ауылының оқушылары 4 бөлмелі үйде оқып жүр
28.11.2025, 20:45
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичті қабылдады
28.11.2025, 20:41
ДСМ: Елде шектеу шаралары енгізілмейді
28.11.2025, 20:40
Мемлекет басшысы әлем біріншіліктерінде топ жарған жас шахматшылармен кездесті
28.11.2025, 20:39
Енді жедел жәрдем орнына алғашқы медициналық көмек мамандары келуі мүмкін
28.11.2025, 20:37
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде қалдырды
28.11.2025, 20:36
Мемлекет басшысы Швейцария вице-президенті Ги Пармеланмен келіссөз жүргізді
28.11.2025, 20:35
Әкімдер Ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді талқылады
28.11.2025, 20:32