Басты Жаңалықтар Мәжіліс төрағасы Мароккоға ресми сапармен барды

Мәжіліс төрағасы Мароккоға ресми сапармен барды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Марокко Корольдігіне ресми сапармен барды. Делегация Парламент Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Аламимен, Кеңесшілер палатасының төрағасы Мұхаммед Ульд Ар-Рашидпен, сондай-ақ Үкімет басшысы Азиз Аханнушпен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларында серіктестікті одан әрі күшейту жайын ортаға салды. Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Мароккомен серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін айтып, Король VI Мұхаммедке оның жылы лебізі мен ықыласын жеткізді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мароккомен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді. Екі жақты ынтымақтастықты, қос ел парламенттерінің рөлі мен маңызы ерекше. Біз осы бағыттағы жұмысты жандандыруға мүдделіміз. Марокко тарапынан да осындай ниет бар екенін біз білеміз. Біз халықтың өкілдері ретінде екі елдің тығыз араласуына, жақындасуына, әрине, үлес қосуға дайынбыз. Әсіресе, елдеріміздің парламенттерінің арасында құрылған достық топтарының да жұмыстарының орны ерекше.  
 


Бөлісу