Жамбыл облысында су инспекциясы заңсыз тексерулер жүргізген
Жамбыл облысында тіршілік көзін қорғап, пайдалануды реттейтін «Шу-Талас» бассейндік су инспекциясы заңсыз тексерулер жүргізген. Құзырлы мекеме соңғы үш айда су пайдаланушы 41 нысанды негізсіз тексеріп, бизнес иелерінің берекесін алған.
Ал тексерілді деген 25 кәсіптік ғимарат мүлдем жұмыс істемеген. Биыл 10- маусымда жаңа Су кодексінің күшіне енуіне байланысты инспекцияға тексеру құқы берілген болатын. Яғни олар акт рәсімдемей-ақ, өз бетінше жоспардан тыс тексерулер жүргізе алады. Алайда олар тиісті тізім мен жоспар жасамаған. Бұл ретте табиғатты қорғау прокурорлары суға жауапты мамандардың қызмет бабын асыра пайдаланғанын айтып отыр. Осыдан кейін бірнеше қызметкерге тәртіптік жаза кесілді.
Еркін Әлмаханов, облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының аға прокуроры:
Монша бар, бассейн бар, көлік жуу орындары бар. Талапқа сай жұмыс істеп тұр. Олардың өздерінің шарттары бар арнайы уәкілетті органмен су алуға. Бұлар алдын ала мониторинг жасау керек. Ол жасалмаған. Қорытынды бойынша инспекция бөлімшесінің басшысына әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 173 бабы, 1 бөлігімен 100 АЕК айыппұл салынды.