Басты Жаңалықтар Қазақстан-Армения: Серіктестіктің жаңа кезеңі

Қазақстан-Армения: Серіктестіктің жаңа кезеңі

Қазақстан тұрақты түрде Арменияға астық жеткізуге дайын. Елімізге ресми сапармен келген Армения Премьер-министрімен келіссөздер барысында Президент осылай деді. Арадағы сауда айналымын ұлғайтуға да жақсы мүмкіндік туып тұр. Сондай-ақ тұғыш рет екі ел білім беру саласында тәжірибе алмасады. Бүгін Ақордада түрлі саланы қамтитын оннан астам бірлескен мәлімдеме жасалды. Сонымен Никол Пашинянның елімізге келудегі нақты мақсаты қандай?
Никол Пашинянның Қазақстанға ресми сапармен келгені кеше хабарланса да, көпшілік оның Астанаға табан тірегенін бүгін білді. Армения Премьер-министрі таңсәріден қазақстандықтарға өз стилінде жалынды сәлем жолдады.
Бұл уақытта Ақордада мәртебелі мейманның келуіне орай қызу дайындық жүріп жатқан.
Сағат тілі 11-ге таяды. Президент резиденциясының есігі айқара ашылып, Оңтүстік Кавказдан ат терлетіп жеткен Никол Пашинян төрге енді. Армения Премьер-министрі бұл жолы үлкен делегациямен келген. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды зор ілтипатпен қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аса құрметті Никол Воваевич, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз.
Қазақстанға алғаш ресми сапармен келген Армения Премьер-министрі жылы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Никол Пашинян, Армения Премьер-министрі:
Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі Сіздің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарыңыздан бастау алды. Соның нәтижесінде маңызды келісімдерге қол қойылды. Оның кейбірі жүзеге асырылды, қалған бөлігі орындалу үстінде. Қазақстанға ресми сапармен келу – мен үшін зор мәртебе!
Армения - Қазақстан үшін уақыт сынынан өткен сенімді серіктес ел. Екі мемлекет арасында жылдар бойы тұрақты саяси диалог қалыптасып, гуманитарлық байланыстар кеңейіп келеді. Мәдени саладағы қатынастар да жаңаша дами бастаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биыл қос халықты жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды: Арменияда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды. Осы маңызды бастамаларға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге, құрметті Никол Воваевич, зор алғыс білдіремін.
Армения Премьер-министрі бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге және ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге оңтайлы сәт екенін атап өтті.
Никол Пашинян, Армения Премьер-министрі:
Қазақстан біздің еліміз үшін өте жақсы үлгі деп санаймыз. Біз қазақ халқын құрметтейміз. Осы құрмет екіжақты ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға негіз болады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзара ықпалдастығымыздың басты бағыттарын ілгерілету жағдайын жан-жақты талқыладық.
Армения Еуразия құрлығында сыртқы саясаттың жаңа формулаларын сынап көріп жатқан елдердің бірі. Батыспен байланысын үзбей, аймақтағы серіктестерін де жоғалтпай, Ереван көпвекторлы бағытты ұстанып отыр. Никол Пашинянның бүгін Қазақстанға ресми сапармен келуі соның айқын дәлелі.
Пашинянның Қазақстанға келгендегі нақты мақсаты - сауда-экономика, көлік-транзит, инвестициялық ықпалдастық сынды бағыттарға серпін беру, дейді саясаттанушылар. Көпшілікке мәлім Армения – импортқа тәуелді ел. Сондықтан оларға жаңа транспорттық бағыт қажет. Ал Қазақстан серіктес елдің, жалпы нарықтың осы талабына жауап бере алады. Айта кету керек, қос ел арасындағы тауар айналымы биылғы қаңтар-шілде айларында 28,7 млн доллардан асты.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:
Соңғы 5 жылда тауар айналымы 6 есеге өсті. Қазір 14 млн доллардан 82-ге жетті. Ол көп емес. Бірақ Арменияда жақын мемлекет емес. Апару, әкелу оңай емес. Жақында бидай апардық, 1000 тонна. Қазіргі уақытта экспортымыз ферроқорытпалар, металл, темекі өнімдері, трансформаторлар. Олар да бізге металл өнімдері, көкөніс, сусындар экспорттайды.
Келіссөздер барысында сауда-экономика, көлік-транзит, өнәркәсіп сынды маңызды салаларға қатысты 10-нан астам келісім жасалып, құжаттар қабылданды.
Айта кету керек, Қазақстан мен Армения тұңғыш рет білім беру саласында тәжірибе алмасатын болды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Біріншіден, студент алмасу. Келесі жылы қосымша протоколға қол қойылады. Жылына 5 қазақстандық азамат Арменияның жетекші ЖОО-да оқуға және 10 Армения азаматына Қазақстанда оқуға мүмкіндік береміз.
Армения жаһандық сахнада белсенді. Мемлекет әлемнің 172 елімен дипломатиялық қатынас орнатып, 40-тан астам халықаралық ұйымға мүше. Бұл елдің сыртқы саясаттағы кеңауқымды бағытының айғағы. Ұзақ жылдарға созылған Әзербайжанмен арадағы текетіреске нүкте қойылу да айрықша оқиға болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-армян мемлекетаралық байланысын жаңа деңгейге көтеруге қосқан үлесі үшін Никол Пашинянға ризашылығын білдіріп, «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Салтанатты шарадан кейін екі ел басшысы БАҚ өкілдеріне арналған бифинг өткізді. Жиында Президент бүгінгі мазмұнды келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты жандандыру мәселесіне баса мән бердік. Өзара алыс-беріс көлемін арттыруға, тауар түрін көбейтуге қатысты нақты шараларды қолға алуға келістік. Өзара сауда айналымын ұлғайту үшін Қазақстан армян нарығына жалпы құны 350 миллион доллар болатын тауар ұсына алады. Сондай-ақ біз Арменияның экспорттық әлеуетін қолдауға ниет білдірдік.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанын да жеткізді. Сондай-ақ жыл сайын Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайын екенімізді айтты. Ал Никол Пашинян армян тарапы ынтымақтастықтың барлық бағытын кеңейтуге дайын екенін растады.
Никол Пашинян, Армения Премьер-министрі:
Қазақстан – біз үшін өте маңызды ел. Өйткені сын сәтінде Армения мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлері Алматыда кездесті. Бұл біз үшін өте маңызды болатын. Армения мен Әзербайжандағы бейбітшіліктің Алматы декларациясына негізделетіні баршаға мәлім. Оның саяси және символдық мәні зор. Осы ресми сапарымның нәтижесінде Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын.
Сан саладағы стартегиялық серіктестік талқыланған кездесуде заман талабы да ұмыт қалмады. Тараптар жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келісті. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар бекемдей түсті. Атап айтсақ, Қазақстанның Армениядағы, Арменияның Қазақстандағы медицина күндерін өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл туризм саласын серпілтуге де мүмкіндік береді.

Бөлісу