Түркі академиясының құрылғанына 15 жыл
Түркі мемлекеттерінің ғылым-білім бағытындағы байланысын нығайтып, түркітанудың түрлі салаларын зерделеу үшін ашылған Түркі академиясының құрылғанына 15 жыл толды. Штаб-пәтері Астанада орналасқан ұйымның мұрындық болуымен жүздеген ғылыми еңбек жарияланып, ортақ тарихымызға қатысты талай құнды жәдігер жарыққа шықты. Осыған орай Түркияның Анкара қаласында ғалымдар мен сарапшылар бас қосып, ұйымның бүгінге дейін атқарған жұмыстарын пысықтады.
Түркі әлемінің ынтымағы тек мәдени, экономикалық бағытта ғана емес, ғылыми салада да тереңдеп келеді. Бұл ретте Түркі академиясының еңбегі орасан. Аз уақытта бауырлас елдердің өткені мен бүгініне қатысты талай сүбелі дүние жасады.
Шаһин Мұстафаев, Түркі академиясының президенті:
15 жыл ішінде Түркі академиясы Түркі дүниесінің білім-ғылым саласындағы ынтымағы жолында көптеген игі істер атқарды. Мәселен, ғалымдарымыз ортақ жаңа алфавит жасап шықса, археологтарымыз Моңғолия жеріндегі қазбалар кезінде түркілердің ортақ тарихына қатысты маңызды жәдігерлер тапты. Біздің ұйым бұдан кейін де ортақ тарихымызға, мәдениетімізге қатысты дүниелерді жарыққа шығару үшін қызмет ете береді.
Түркі елдеріне ортақ алфавиттің жарыққа шығуы академияның бастамасымен жүзеге асқан ең маңызды жобалардың бірегейі. Әзірге Абайдың, Шыңғыс Айтматовтың бірқатар шығармалары осы жаңа әліпбимен басылып шықты.
Ахмет Бижан Ержиласун, түркітанушы ғалым, профессор:
Түркі академиясының жаңа әліпбиі жақында жаппай қолданыла бастайды деп сенемін. Себебі барлығымыз үшін өте оңтайлы алфавит болды. Ал Түркі академиясының кейінгі жылдарда жүзеге асырған жобалары Астананы әлемдегі ең маңызды ғылыми орталықтардың біріне айналдырады деп ойлаймын.
Әбдіуақап Қара, тарихшы, профессор:
Десек те бұл ынтымақтастық, берекенің ғылыми негіздері, интеллектуалдық, зияткерлік негіздері де болуы керек. Әйтпесе ол ұзаққа бармайды. Мұның ғылыми орталығының Астанада болуы біз үшін үлкен абырой. Саяси орталық Ыстамбулда болса, енді мұның ғылыми орталығы Астанада болып отыр. Бұл Қазақстанның ғылымда, мәдениеттегі түркі дүниесіндегі үлкен орнын көрсетсе керек.
Халықаралық жиынға қатысқан сарапшылар түркі әлемінің интеграциясы баяу, алайда сенімді түрде жүзеге асып келе жатқанын айтты. Бұл үдерісті жылдамдату үшін түркі мемлекеттері арасында өзара студент алмасуды біріздендіріп, ортақ бағдарлама ашқан жөн деген тұжырым жасады ғалымдар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы