Мүсірепов театры «Ұмытыңдар оны...» қойылымын сахналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүсірепов театры «Ұмытыңдар оны...» қойылымын сахналады

18.01.2019

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры жаңа жылды жаңа қойылыммен бастады. Өнер ұжымы орыс жазушысы Григорий Гориннің «Ұмытыңдар оны...» трагикомедиясын сахналады. Шығарманы қазақ тіліне белгілі қаламгер Құжырғали Төлеуішов аударған. Ал, қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.

 «Ұмытыңдар оны...» - әлемдік театр өнерінің классикасына айналған Герострат туралы аңыз. Оқиға ежелгі Эфес қаласында өтеді. Адамзат баласы 120 жыл бойы салған «Артемиданың ғибадатханасын» атын тарихта қалдыруды ойлаған Герострат бір-ақ күнде өртеп жібереді. Спектакльде сол Геростраттың соты арқылы парасат пен зұлымдық, әділдік пен сатқындық, шындық пен жалғанның тартысы көрсетіледі.

Аманжол Қорғанбаев, қала тұрғыны:

- Бұл спектакльді мен орыс тілінде көп театрда көрдім. Ал, қазақ театрында Жұлдызбек Жұманбай мұны өзгеше қойды.

Жұлдызбек Жұманбай, режиссер:

- Бұл кезінде актерлармен, режиссерлармен, драматургпен бірігіп жазылған дүние деп ойлаймын. Бұл жердегі актерлық ойынның бәрі сахнаға арнайы жазылған сияқты.

Ұзақтығы 2 сағатқа жуық қойылымда ғасырлар бойы адамзатты толғандырып келе жатқан оқиға жан-жақты баяндалады. Тарихта атын қалдыруды көздеген адамның кез келген қадамға бара алатыны көрсетіледі. Ол халықтық соттан да, құдайдың қаһарынан да қорықпайды.

Азамат Сатыбалды, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:

- Спектакльдің өзінің үні болса екен, одан кейін көрерменін қуантатындай, толғандыратындай позициясы болса екен деген ойымыз бар. Бұл пьеса ешкімді бейжай қалдырмаған, астарлы әрі қызық пьеса.

Жаңа жылды жаңаша бастаған өнер ұжымының биылғы маусымға тартуы көп. Мәселен, қаңтар айының соңында көрермендерді «Құпия» атты жаңа премьера күтіп тұр. Ал, ақпан айында Рақымжан Отарбаев жазған «Ғабит» атты жаңа пьесаны сахналау жоспарланып отыр.

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу