Елімізде алғашқы түкті кілем шеберлерінің мектебі ашылды
Қызылордада еліміз бойынша алғаш түкті кілем шеберлерінің мектебі ашылды. Ұмыт болып бара жатқан ұлтымыздың қолөнерін жандандыруға халықаралық ЮНЕСКО ұйымы ұйытқы болды. Игі бастамаға бүгінде қызығушылық танытып, кілем тоқудың қыр-сырын үйреніп жатқандар көп.
Сыр өңірінде ашылған орталықтың алғашқы шәкірттері мектептің көркем өнер
пәнінің ұстаздары. Олар сабақтан тыс уақытта осында келіп, шеберден түкті кілем
тоқуды үйреніп жатыр. Яғни, мұнда тәлім алған әрбір мұғалім келешекте мыңдаған
оқушыға ұлттық қолөнерімізді дәріптеп, кейінгі жастарды кілем тоқуға баулымақ.
Ақмарал Өмірсерікова, Көркемөнер пәнінің мұғалімі:
Бізге бұл өте қажет. Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында оқушымен жұмыс істегеннен кейін біз осы жерде кілем тоқуды үйреніп, бұны әрі қарай оқушыларға үйретіп, әрі қарай осы кілем тоқуды дамытқымыз келеді.
Бүгінде Иран, Түркімен кілемдері әлемдік нарықты жауалап алған. Ұлтымыздың
әдет-ғұрпын, тұрмыстық болмысын бейнелейтін қазақ халқының түкті кілемі де
ерекше құнды бұйым. Осы көне мұраны жаңғырту мақсатында ЮНЕСКО халықаралық
ұйымы бұл жобаға қолдау көрсетіп отыр.
Жанерке Шайғозова «ЮНЕСКО» ұйымының материалдық
емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі:
Техникалық грант ұтып алдық. Салып қойған бір мақсатымыз болған. Түкті кілемді жаңғырту. Үлкен кісілер соның жалғасы жоқ деп. Сондықтан осы мектеп ашылды. Жалғасы болсын деп. Мұғалімдерді үйретіп жатырмыз қазіргі таңда.
Жоба жетекшісі қолөнер шебері Қарлығаш Ілиясова. Қазір түкті кілем
мектебінде 18 ұстазға өзінің білген-түйгенімен бөлісіп, тоқудың қыр-сырын
үйретуде. Мәселен, бір кілемді аяқтауға 1,5-2 ай уақыт кетеді. Сондықтан, тәлім
алушылар осы жерде 6 ай бойы тәжірибе жинайды. Жалпы он саусағынан өнер тамған
ісмер алдағы уақытта басқа да қазақтың ұлттық қолөнерін дамытуды көздейді.
Қарлығаш Ілиясова ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі:
Менің өзімнің арман мақсатым.Заман талабына сай өндірістік мектеп ашқым келіп отыр. Қолөнер өндіріс мектебі. Бұл жерде ұлттық киім, осы түкті кілем, киіз басу. Осы ЮНЕСКО-ның арқасында алғашқы қадамызды бастадық.
ЮНЕСКО халықаралық ұйымының гранты аяқталса түкті кілем мектебінің жұмысы
тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан, ұлттық мұрамызды жаңғыртуға бағытталған ілкімді
жобаға жергілікті билік тарапынан қолдау керек дейді қолөнершілер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы