Басты Жаңалықтар Өрттің алдын алу үшін тұрғын үйлер жаппай тексеріліп жатыр

Өрттің алдын алу үшін тұрғын үйлер жаппай тексеріліп жатыр

12 адамның өмірін қиған осы оқиғадан кейін өңірде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жаппай тексеру басталды. Құзырлы мекеме өкілдері бүгін Шұбарсу ауылындағы әр үйдің пеші мен мұржасына үңіліп, электр сымдары мен газ қондырғыларына дейін жіті қарады. Кемшілік көп. Айнұр Әбілқасымқызы рет-ретімен.

Жүзге тарта маман. Төтенше жағдай мен газбен қамту мекемесі, полиция мен жедел жәрдем қызметінің мамандары Шұбарсу ауылына жиналды. Дәл осы елді мекенге таңдау түскені бекер емес. Бірнеше ай бұрын көмірдің иісіне уланып, екі бала қайтыс болды. 50 мыңға тарта тұрғыны бар ауылда табиғи газ жоқ. Түгел көмір жағады. Ас-су әзірлеуге газ баллонын пайдаланады.

Кәмшат Әбілқасымова, Шұбарсу ауылының тұрғыны:

Шайды қойып кеткем, соның артындағы шлангасын ауыстырдым. Шлангасы ауыспаған екен. Соның салдарынан өрт шыққан да, атылып кетті ғой. Салдарынан мебельдердің барлығы жанып кеткен. Сыртқа шығып үлгердік. Сосын өшірдік, болмаса, ол да атылып кетер еді.

Қайғылы жағдайға көбіне тұрғындардың салғырттығы себеп дейді мамандар.  Жұрт жылыту маусымына дайындалмайды, пеш пен мұржаны тазалауға мән бермейді. Мамандар бас сұққан келесі үйде де кемшілік анықталды. Кіреберістегі электр сымдары қолмен жалғанып, есептегіш құралы ашық-шашық тұр.

Әлеуметтік нысандарда да жағдай оңып тұрған жоқ. Шұбарсудағы ең үлкен балабақшаның от жағатын жерін көріп, мамандар жағасын ұстады.

Жасұлан Айнабек, Түркістан облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

Көмір бізде жанғыш материал болып саналады. Жанғыш материалды қазандықтың қасына көп жинап қойған. Одан бөлек мына жерде ағаштар, бұйымдар басқа да жиһаздардың барлығын жинап тастаған екен. Осыны алуға қазір ұсыныс бердік. Электр ток көздерін пайдалану бойынша да бірқатар кемшілікті айттық.

Үй иелері мен кәсіпкерлерге кемшілікті түзеуге мұрсат берілді. Ал тұрмысы төмен отбасылардың мұржаларын мамандар кейінге қалдырмай, өздері тазалады. 

Жылыту маусымы басталғалы 34 мың үй тексеріліп, 10 мыңнан аса кемшілік анықталған. Тамыз айынан бері 392 өрт тіркеліп, 18 адам тілсіз жаудың кесірінен қаза тапқан. Сондықтан рейдтік шаралар әлі де жалғасады.


Бөлісу