Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Израиль әуе күштері Газа секторына соққы беріп, 25 адамды мерт қылды. Израиль армиясы өз жауынгерлеріне оқ жаудырған хамастық қарулы топты нысанаға алғанын айтады. «Хамас» болса, Израиль сарбаздарына қауіп төндірмегенін мәлімдеп отыр. Айта кетсек, Газадағы атысты тоқтату режимі қазанның 10-да күшіне енді. Бірақ сол келісім бірнеше рет бұзылып, Израильдің әскери операцияларынан палестиналық анклавта бүгінге дейін 300 адам мерт болған.

АҚШ-тың жоғары лауазымды әскери өкілдері Украинаға барды. «BBC-дің» мәлімдеуінше, бүгін Киевте Американың жаяу әскер министрі Дэн Дрисколл Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеседі. Тараптар Украинадағы соғысты аяқтауға бағытталған бейбіт жоспарды талқыламақ. 

Париждегі әйгілі Лувр музейіне 2026 жылдың соңына дейін 100 камера орнатылады. Естеріңізге сала кетсек, Лувр бір ай бұрын тапа-тал түсте тоналды. Сол кезде 102 миллион доллардың әшекей бұйымдары қолды болған. Тарихи қазына әлі табылған жоқ. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Германияда биыл қыс ерте түсіп, қар жауып, аяз көтерілді. Өңірге арктикалық ауа ағыны ықпал етіп отыр. Болжамға сай, суық ауа райы қарашаның соңына дейін сақталуы мүмкін.  


Бөлісу