Шымкентте жедел жәрдем бригадалары видеожетонмен жұмыс істейді
Шымкентте жедел жәрдем қызметкерлері смарт-видеожетонмен жұмыс істей бастады. Енді әр шақырту бейнемен, дауыспен және орналасқан жерімен орталыққа онлайн жетеді. Фельдшерге қауіп төнсе, құрылғы бір секундта SOS хабарын жібереді. Жаңа жүйе жайлы толығырақ өңірдегі тілші Ернұр Уәлихан баяндайды.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Енді шақыртуға шыққан әр фельдшердің кеуде тұсында дәл осындай видеожетон болады. Бір ғана SOS батырмасын басып, геолокацияны тікелей call-орталыққа жібереді. Бұл медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін сақтап қана қоймай, жұмыс барысындағы ашықтықты да қамтамасыз етеді.
Операторлар экраннан бригадалардың қозғалысын бақылайды, ал ЖИ оқиғаларды талдап, орталыққа сигнал жібереді. Жетон жүйесі кез келген өзгерісті бірден көрсетіп, шұғыл әрекетке мүмкіндік береді.
Гузаль Рафикова, жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы бас дәрігерінің орынбасары:
Шұғыл жағдайда бригада жетондағы SOS батырманы басады. Сигнал дереу call-орталыққа жетеді, мұнда маман тәулік бойы жағдайды бақылайды. Қажет болса, орталық шұғыл әрекет жасап, құқық қорғау органдарын тарту мен қажетті іс-шараларды ұйымдастырады.
Соңғы уақытта өңірлерде жедел жәрдем шақыртулары кезінде фельдшерлер мен дәрігерлерге шабуыл жасау жағдайлары көбейген. Осындай қауіптерді азайту және қызметкерлерді қорғау бағытында видеожетон таптырмас құрал болып отыр, дейді сала мамандары.
Гаухар Шәдібек, ИТБ дәрігері:
Науқастармен келеңсіз жағдай немесе түсініспеушілік болған кезде осы жетонды пайдаланып, сол арқылы біз өзіміздің қауіпсіздігімізді сақтаймыз.
Жетонды фельдшер немесе дәрігер өшіре алмайды, барлық дерек ауысым соңында серверде сақталады. Бұл жүйе тек қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бақытжан Абдуллаев, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Кез келген қолданысқа жасалмайды. Қажеттілікке байланысты. Дәрігер болсын, фельдшер болсын оны өшіре алмайды. Қандай да бір жайт болған жағдайда, болмаса медициналық тексеру сияқты қажеттілікке байланысты көре алады.
Видеожетон – жай гаджет емес. Бұл фельдшердің өмірін қорғайтын нақты құрылғы. Егер пилоттық жоба сәтті өтсе, жүйе қаладағы барлық емхана дәрігерлерінің жұмысында қолданысқа енгізіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы