Басты Жаңалықтар «Болашақ – жемқорлыққа қарсы!» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Болашақ – жемқорлыққа қарсы!» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Алматыда «Болашақ – жемқорлыққа қарсы!» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. Өнер сайысына 500-ден аса оқушы қатысқан. Жоба қалалық Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылған. Сондай-ақ шараның өтуіне Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті де мұрындық болды.

Шараға келушілер конкурста іріктелген жұмыстарды тамашалады. Әр суретте оқушылар жемқорлықты қалай елестететінін, оны жеңудің жолдары мен адалдыққа үндейтін ойын паш еткен.

Айдана Ақзатқызы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы:

9 жастан 14 жасқа дейінгі балалар қатысты. 15 жеңімпаз анықталды. Олар 50 мың теңгелік сертификаттармен марапатталды. Одан бөлек 17 ынталандыру сертификаттары берілді. Олардың сомасы жиырма мың теңгені құрады. Жалпы, байқауға жеке мектептерді қоса алғанда 127 мектеп қатысты.

Жеңімпаздарға арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Байқауға қатысқандардың басым бөлігі жемқорлықты қара, ал әділдікті ашық түспен бейнелеген.

Кәусар Әшімхан, байқау жеңімпазы:

Бұл сурет жемқорлыққа қарсы деген оймен салынған. Ақшаға ешқашан сатылмаймын деп, тек қана алға деген оймен. Яғни, біреуге пара беруге болмайды. Және біреуден пара алуға болмайды. Жемқорлық ол өте жаман нәрсе.

Давид Чистов, байқау жеңімпазы:

Мен салған робот – әділдіктің нышаны. Байқасаңыздар, оның кеудесінен шуақ шашып тұр. Ол қара жылан кейпінде бейнеленген жемқорлықты, зұлымдықты әрқашан жеңеді. Жемқорлықсыз өмір сүретін қаланы салдым. Соның арқасында алаңсыз өмір сүріп жүрген бақытты балаларды да ұмытпадым.

Жобаның басты мақсаты – оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыру. Балалардың өз ойын еркін жеткізуі олардың азаматтық ұстанымына ықпал етеді дейді ұйымдастырушылар.

Бөлісу