Қазақстан Эстония порттары арқылы Еуропаға астық экспортын арттырмақ
Қазақстан Эстония порттары арқылы Еуропаға астық экспортын арттырмақ. Балтық теңізіндегі айлақтар жеңілдікпен қызмет ұсынады. Бүгін Астанада екі ел президенттері сауда-саттықты арттыру мәселесін талқылады. Мемлекет басшысы Эстонияны Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі деп атады. Ал Алар Карис Қазақстанды Орталық Азиядағы басты экономикалық әріптесі екенін атап өтті. Балтық елінің бизнесмендері біздің елге инвестиция көлемін арттыруға әзір. Сонымен қатар қос ел білім саласындағы байланысты да арттырмақ.
Ақорда. Қарбаласқа толы болған өткен аптадағы саяси шаралар осы жұмада да жалғасты. Бұл жолы мейманды біз күтіп жатырмыз. Салтанатты рәсім қарсаңында делегация мүшелері суретке түсіп, министрлер бағдарламамен мұқият танысып жатыр. Әрбір деталь маңызды.
Эстония Президентін ресми Астана сый-құрметпен қарсы алды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Эстония Президенті үш күндік мемлекеттік сапармен келіп отыр. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастық бағыттары талқыланбақ. Мінеки, қазір президенттер шағын құрамдағы кездесуге бара жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Эстония – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Біз эстон халқының тарихына, дәстүріне және мәдениетіне құрметпен қараймыз. Екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміз арасында түйткілді мәселе жоқ. Дегенмен өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор. Оны ілгерілете беруіміз керек. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымыз бен достық байланыстарымызға тың серпін береді деп сенемін.
Алар Карис, Эстония Президенті:
Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы деңгейде. Әлбетте, кейбір кедергілер бар, бірақ оны еңсеруге болады. Бизнес өкілдері қазірдің өзінде іскерлік қатынастар мәселесін талқылап жатыр. Бірнеше кездесу жоспарланған. Жаңа байланыстарымыз өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға көмектеседі деп үміттенемін. Әрине әлемдегі геосаяси ахуал тұрақсыз болып тұр. Дегенмен барлық проблеманы бірлесіп шешуіміз керек.
Эстония Балтық теңізінің жағалауындағы шағын ел. Халық саны 1 млн 300 мыңнан сәл асады. Кезінде КСРО құрамында, бір ту астында өмір сүрдік. Империя ыдыраған соң өзіндік даму жолына түсіп, посткеңестік елдердің ішінде бай, қуатты мемлекеттердің көш басында тұр. Қазір Еуроодақтың мүшесі. Экономикасы қызмет көрсету мен өндіріске арқа сүйейді.
Алтай Көлгінов, Қазақстанның Эстониядағы төтенше және өкілетті елшісі:
Цифрландыру бойынша олар стартаптан адам басына шаққанда бірінші орында тұр. Оннан астам компаниясы бар. Солардың біреуі Қазақстанға кіріп жатыр. Жасанды интеллект дамығалы бері AI lip деген бағдарламаны іске асырып жатыр. Оларда біз үшін қызық.
Екі ел арасында қазір алыс-беріс көп емес. Биылғы 9 айда 46 млн долларға сауда жасалды. Тараптар соны еселеуге мүдделі. Алар Карис елордаға үлкен делегация ерте келген. Министрлер мен бизнесмендер, жоғары оқу орындарының басшылары бар. 2005 жылдан бері Балтық елінің Қазақстанға құйған қаржысы 128 миллион доллардан асты. Қазір елімізде 80-нен астам эстониялық компания жұмыс істеп жатыр. Олар инвестиция көлемін арттыруға әзір.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліңізді Балтық өңіріндегі, сондай-ақ Еуропа Одағындағы өте маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Эстония инновациялық және өркендеген мемлекет құру жолында таңғаларлық табысқа жетті. Сіздің еліңіз цифрлық жүйеге негізделген мемлекет, үкімет және қоғам құру ісінде көш бастап тұр. Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтарды ел басқару ісіне тарту бойынша көпке үлгі.
Алар Карис, Эстония Президенті:
Эстония Қазақстан мен Еуропа Одағы нарықтары арасында қуана-қуана дәнекер болады. Эстония бизнес өкілдері Сіз атап өткен транзит және логистика саласынан бөлек, Қазақстанның басқа да секторларына инвестиция салуға әзір. Бизнес-делегациямыздың құрамында 40 компания бар. Олар логистика, транзит, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ білім және ғылым салаларында қызмет көрсетеді.
Қазақстан Еуропаға ірі астық жеткізуші. Қазіргі геосаяси ахуалға байланысты логистикалық бағыттарды әртараптандыру маңызды. Биыл Балтық теңізіндегі порттар арқылы еліміз 200 мың тонна дәнді-дақыл тасымалдаған. Оның негізгі бөлігі Италия мен Бельгияға жеткізілді. Алдағы уақытта Эстония арқылы тасымалды 10 есе көбейту жоспарланып отыр.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Екі портпен кездесіп, келісімге келдік. Бізге кішкене преференция жасасын дедік. Олар бізден 90 күнге қаржы сұрау болмайды, 90 күн тегін бидайды сақтайды. Тарифті төмендетуді қарастырып жатыр. Биыл да бидайды көп алдық. Еуропаға солар арқылы экспорттауға порт керек болады.
Қазақстан Эстония мектептерінің тәжірибесін меңгермек. Орта білім беру бойынша бұл ел әлемде үздік үштікке кіреді. Білікті мамандары Астанаға келіп, семинарлар өткізіп жатыр. Ал жоғары білім саласында Балтық мемлекетінің 6 іргелі университетімен келісім жасалды. Енді ғалымдар «Болашақ» бағдарламасы бойынша осы оқу ордаларында тағылымдамадан өте алады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
6 меморандумның арқасында қазіргі таңда студент алмасу, академиялық ұтқырлық, оқытушылармен алмасу Болашақ бағдарламасының аясында әсіресе Талтех мен Тарту келісімшарт партнері ретінде келісімшартқа қол қойылды.
Президенттің сөзінше, Қазақстан мен Эстония халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты жолға қойған. Негізгі өңірлік және жаһандық мәселелерде, соның ішінде тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде ұстанымдары ұқсас. Келіссөздер қорытындысы бойынша қос тарап оннан аса құжатқа қол қойды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы