Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасында қандай жаңа бағыттар айқындалды?
Қазақстанның солтүстік өңірлеріне Ресейден арзан газ тартылады. Логистика саласы дамып, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысы оңтайландырылады. Атомды бейбіт мақсатта пайдалану тетіктерін бірге қарастырып, ғарыш саласындағы серіктестікке серпін берілмек. Президенттің Ресейге мемлекеттік сапары аясында қарым-қатынастың тағы қандай жаңа бағыттары айқындалды?
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған алғашқы мемлекеттік сапары қос тарап үшін де тиімді болды. Екі ел лидерлері жүргізген келіссөздер нәтижесінде 10-нан астам құжатқа қол қойылып, сан саладағы серіктестікті бекемдей түсті. Мәселен, енді Қазақстанның солтүстік өңірлеріне көрші елден табиғи әрі арзан газ тасымалданбақ. Ол үшін Түмен облсынан магистральді құбыр тартылады. Тағы бір басымдық берілген сала – логистика.
Екі елдің көлік министрлігі шекарадағы автокөлік өткізу бекеттерін дамыту жөнінде де келісімге келді. Сондай-ақ қос мемлекет атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласы бойынша ынтымақтастық орнатуға уағдаласты. Барлығымызға мәлім Алматы облысында бой көтергелі жатқан атом электр станциясын салу Ресейдің «Росатом» компаниясына сеніп тапсырылды.
Қазақстандық және ресейлік мамандардың айтуынша, атом энергетикасы саласында кадр тапшылығы туындамайды. Өйткені елімізде атом-физика мектебі бар, зерттеу реакторлары қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, Мәскеу инженерлік-физика институтының филиалы ашылды.
Ғарыш саласы да назардан тыс қалмады. Өйткені Байқоңырдай айлағы бар Қазақстан мен салада тәжірибесі мол Ресей үшін әріптестікті нығайту заман талабы, - дейді, экономистер.
Айбар Олжай, экономист:
Ұшу алаңы біздікі, зымыран Ресейдікі. Бұның өзі біздің космос державаларының клубына кіру мәселесімізді шешеді. Бізде өзіміздің жерсеріктеріміз бар. Қазақстан спутник жасайды және ол Африка елдеріне, Үндістан сияқты мемлекеттерге арзанға сатылып жатыр. Бізге осы спутниктерді сату, әр елге өзінің спутнигін ұшырып беру жұмысын қолға алуға болады. Өйткені біз былай айта аламыз: спутникті де біз жасаймыз, зымыранды да ұшырып тура ғарыштың қоятын жеріне қойып береміз деген сияқты... Кешенді келісімшарттар жасауға болады. Қазақстан осыған келе жатыр. Бұл тұрғыдан Ресейдің көмегі керек.
Денсаулық сақтау, білім мен өнеркәсіп саласы да қаузалып, түрлі келісімдер жасалды. Солардың ішіндегі ең маңыздысы - мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты ХХІ ғасырдағы жаңа деңгейге көтеру бұл – күн талабы. Яғни, тек саяси емес мәдени-гуманитарлық емес, экономикалық байланыстардың екі ел үшін де маңызы аса зор. Соңғы 1 жылда екі ел арасындағы тауар айналымының айтарлықтай өсуі осы қажеттілікті көрсетіп отыр.
Иә Ресей - Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Көрші мемлекет еліміздегі түрлі салаға жалпы 27 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге 9 миллиард долларға жуық қаржы құйған. Ал іскерлік салаға тоқтсалсақ, Қазақстанда 20 мыңнан астам ресейлік компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді. Бұл көрсеткіштер арта беретіні сөзсіз, өйткені экономикалық ықпалдастықтың алдағы 4 жылға арналған кешенді бағдарламасы қабылданып, нақты жоспарлар құрылды.
Автор
Нұрсұлтан Тілектес
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Димаш Құдайбергенннің Лондонда жеке концерті өтті
13.11.2025, 20:17
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиамектебі бесінші маусымын бастады
13.11.2025, 20:16
Астанада лифт апатынан бір адам мерт болды
13.11.2025, 20:15
Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жөнелтті
13.11.2025, 20:13
Қызылордада бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды
13.11.2025, 20:12
Қазақстан интернеттің қауіпсіз және заманауи инфрақұрылымын нығайтуға мүдделі
13.11.2025, 20:11
Әлем жаңалықтарына шолу
13.11.2025, 20:11
Өзбекстанда рухани мұралар форумы өтіп жатыр
13.11.2025, 20:10