Басты Жаңалықтар Алматы облысының халқы «сібір жарасының ошағынан» қауіптеніп отыр

Алматы облысының халқы «сібір жарасының ошағынан» қауіптеніп отыр

Алматы облысының Байсерке ауылында сібір жарасының «қауіпті ошағы бар» деген хабар ауыл халқын алаңдатып отыр. Алайда жауапты мекемелер ауру малдың көмілгенін растайтын нақты дәлелдер жоқ екенін айтады. Ал тұрғындар «қауіпті аймақ» деген арнайы белгінің қандай негізде қойылғанын білмей дал. Бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеру басталған.

Қуан Нұрақын, тілші:

Мен тұрған аумақ қазір жеке меншікке тиесілі. Мұрағат деректері бойынша, мұнда 1958 жылы бір ірі қара, ал 1968 жылы екі жылқы көмілген. Сол себепті, бұл нысанның айналасында мың метрлік аумақ санитарлық-қорғау аймағы болып белгіленген.

Бұл туралы ауыл тұрғындары жақында ғана естіген. Елді мекеннің бас жоспарын әзірлеген компания өкілдерімен кездесуде ауыл ішінде «қауіпті ошақ» бар екені айтылған. Содан бері тұрғындар байыз таппай, жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр.

Хамит Әбдин, Байсерке ауылының тұрғыны:

Қанша қағаздар жинадық инициативная группа. Архивтен алдық. СЭС, ветеринария деген. Земельный, кадастр ондай документтер келеді. «Болмаған» деген сөз. Ауылдың проектісін өзгертеміз, халықпен кездесу өткізгенде ғана білдік. Оған дейін ондай әңгіме естіген жоқпыз. Ешкім білмегенде.

2014 жылы Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасымен еліміздегі сібір жарасы ошақтарын анықтау жөнінде әкімдіктерге нұсқау берілген екен. Бұған дейін мұндай ақпарат құпия сақталған еді, - дейді ветеринария саласының өкілдері.

Нұртас Қиялбеков, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

2015 жылы аудан тарапынан жұмыс тобы құрылып, сібір жарасы ошақтарын анықтап, осы жерде белгіленген. Бұл ошақтың тұрғындарға қаупі жоқ. Бірақ Байсерке мен Кіші Байсерке ауылдарының бір бөліктері осы санитарлық қорғауыш аймағына кіріп отыр.

Дегенмен дәл осы жерде ауру малдың көмілгенін растайтын ресми хаттама немесе құжат әлі күнге дейін табылмаған. Жергілікті әкімдік өкілдері де бұдан бейхабар. Мәселенің анық-қанығын білу үшін құрылған жұмыс тобы қазір зерттеуге кіріскен. Нәтижесі бір айдан кейін белгілі болмақ.

Самат Әпсаматов, Байсерке ауылдық округі әкімінің м.а.:

Лаборатория бар екен Алматы және Талдықорғанда. Сібір жарасын 2 метр тереңдікте сынама алып, зерттейтін. Олармен келіссөз жүргізу басталады. Солар сынама алады. Солардың нәтижесі бойынша белгілі болады.

2016 жылы Іле ауданы әкімінің шешімімен Байсеркедегі осы аумақ  «ауру ошағы» ретінде тіркелген. Сол кезде ғана бетон қоршау орнатылып, ескерту белгісі қойылған. Алайда сол кездегі комиссияның бұл шешімді қандай дерекке сүйеніп қабылдағаны әзірге белгісіз.


Бөлісу