Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында «Baby Skills» байқауы өтті

Жамбыл облысында «Baby Skills» байқауы өтті

Жамбыл облысындағы №9 Меркі колледжінде балалар арасында «Baby Skills» облыстық байқауы өтті. 5 жастағы бүлдіршіндердің сайысы робототехника мен аспаздық өнер бойынша өрбіді.

Оған аудандағы 13 балабақшаның 26 тәрбиеленушісі қатысты. Ұлдар жағы заманауи роботтарды игерудегі икемдерін көрсетсе, қыз балалар жеңіл тағамдар мен жеңсік ас жасап жарысты. Техника тілін меңгеруге тырысқан өрендер темір құрылғыларды кедергілер арқылы жүргізіп, арнайы бағыттары бойынша басқарды. Ал кішкентай аспаздар әр тағамды небәрі 3 минутта әзірлеуге тырысты.

Шыңғыс Бауыржан, байқауға қатысушы:

Біздің жаңа досымыз робот Ботли. Ол өте кішкентай болса да өте ақылды. Ботли бізге бағыт сілтеп, жолды табуға көмектеседі. Біз оған командалар береміз. Ботлимен ойнау арқылы біз қалай ойлануды, қалай дұрыс бағыттануды үйренеміз.

Колледж ұжымы бұл байқауды бірінші рет ұйымдастырып отыр. Бұған дейін студенттер арасында агро техникаларды жүргізу, жер жырту сайысын өткізген. Енді балаларға арналған бағыттағы жарыстарды жиі өткізу арқылы өңір өрендерін жаңа қырынан дамытуға ден қоймақ.

Әлия Әліқұлова, №9 Меркі аудандық колледжінің өндірістік оқу шебері:

Осындай байқаулар арқылы біз балаларды еңбектің қадірін түсінуге, өз ісін сүйе білуге тәрбиелейміз. Бүлдіршіндердің қызығушылығын оятады. Сондықтан олар болашақта робототехника саласының мықты мамандары болуы мүмкін. Осы байқау арқылы олар өздерінің армандарына жол ашады.


Бөлісу