Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді
Ресейге Мемлекеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше кешкісін Владимир Путинмен бейресми кездесу өткізді. Мемлекеттер басшылары еркін форматта екі жарым сағат әңгімелескен. Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше сый-құрмет үшін ризашылығын білдірді. Екі ел арасында ешқандай түйткіл жоқ екенін айтты. Владимир Путин шақыртуын қабыл алғаны үшін алғыс айтып, алдағы жоспарлар орындалатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күннің өзінде президенттер мен үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады. Сіздің шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Расында, бүгін бейресми жағдайда пікір алмасамыз. Менің Өзіңізбен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, Сізге уақыт тауып, келіскеніміздей, мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұған шын жүректен қуаныштымын. Әрине, біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемлекетаралық қатынастарда мұндай протоколдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәтижелермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының бүгінгі жұмыс кестесі өте тығыз. Кремльдегі ресми қарсы
алу рәсімінен кейін Владимир Путинмен шағын және кеңейтілген құрамда
келіссөздер жүргізіледі. Президент сондай-ақ Қазақстан-Ресей өңіраралық
ынтымақтастық форумында сөз сөйлейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы