Президент мемлекеттік сапармен Ресейге барды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен Ресейге мемлекеттік сапармен барды. Мәскеуде екі ел басшылары қос тарап арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың басты бағыттарын талқыламақ. Теріскейдегі көрші елмен қандай жобалар жоспарланып отыр? Мәскеуден әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғайды.
Мәскеу. Алып шаһар. Қазақ басшысын қарсы алуға әзірлік күні бұрын қыза түсті. Басты көшелер бойына көк байрақ ілініп, желбірей түсті.
Ерекше ілтипат әуеден басталды. Бірінші бортты әскери ұшақтар көк аспаннан қарсы алып, қатарласа ілесті.
Әуежайда сарбаздар сап түзеп, қызыл кілем төселді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге алғашқы мемлекеттік сапары. Мәртебесі жоғары, салмағы басым сапар. Протокол тәртібі бойынша қарсы алушы тарап мейманға ең жоғары деңгейде құрмет көрсетеді.
Қазақ тілін меңгеріп жүрген жергілікті студенттер де осында арнайы келген. Президент орыс жастарымен қазақша әңгімелесті.
Сенімді серіктестік, көпқырлы әріптестік. Көршілердің қазіргі байланысының сипаты осындай. Ресей біздің ең ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Санкция салқынына қарамастан тауар айналымы табысты. Өсім бар. Былтыр алыс-беріс 3 пайызға артып 28 миллиард долларға жеткен. Елдер энергетикадағы ілкімді істерге екпін беріп отыр. Биыл «РосАтоммен» бірлесе біздің елде алғашқы атом станциясының іргесі қаланды.
Борис Марцинкевич, «Геоэнергетика» журналының бас редакторы:
Қазақстанда атом физикасы бойынша жақсы мектеп қалыптасқан. Зерттеу реакторлары жұмыс істеп тұр. Жылдам ньютондар бойынша тәжірибе әлемде алғаш рет Қазақстанда жасалған. Қазір екі ел маман даярлау бойынша тәжірибе алмасып жатыр. «Росатом» Қазақстанға құрылыстан бастап, радиоактивті қалдықтарды өңдеуге дейін барлық бағытта қызметін ұсынады. Егер Қазақстан Ресей мен Қытай компанияларын бірлесе жұмыс істеуге көндірсе бұл тиімді болмақ. Себебі қос ел компаниялары технологиялық тұрғыдан бір-бірін жақсы толықтыра алады.
Білім саласында университеттер арасындағы байланыс дамып келеді. Ресейде 60 мыңдай отандасымыз оқып жүр. Омбыда Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Мәскеудің жетекші университеттерінде дәріс беретін қазақ инженері техникалық ғылым әлеуетін тиімді пайдалану қажет дейді.
Талғат Мықтыбаев, Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының доценті, техника ғылымдарының кандидаты:Илон Маск кезінде Мифиде өз инженерлерін оқытқысы келген екен. Неге десеңіздер кеңес одағында зерттелген, жақсылап дайындалған бағдарлама мықты еді. Ал қазақтың балалары математика, физика саласына бейімді. Қанда бар секілді. Далада жүрген кезде жұлдыздармен бейімделеміз. Соны дамыту керек.
Қазақстанда Ресейдің 23 мыңға жуық компаниясы жұмыс істеп жатыр. Бұл еліміздегі шетелдік бизнестің 40 пайызына жуығы. Өндірістік кооперацияның өрісі кең. Қазір құны 33 млрд доллар болатын 75 ортақ жоба жүзеге асып жатыр. Олардың арасында Қостанайдағы Камаз бөлшектерін шығаратын зауыт, Сарандағы жылына 3,5 млн көлік дөңгелегін өндіретін өндіріс және тыңайтқыштар шығаратын химиялық зауыттар бар.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ертең Мемлекет басшысының жұмыс кестесі өте тығыз. Ресей тарапымен ауқымды кездесу жоспарланған. Оның қорытындысы бойынша қос ел үшін маңызды бірқатар құжатқа қол қойылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы