Таразда 80 пәтерлі үй халқы жылусыз отыр
Таразда көп қабатты үйлерді жылыту мәселесі бітпейтін дауға айналды. «Ұлы дала» шағын ауданындағы бірнеше үйде жылу мардымсыз болса, үш күннен бері 80 пәтерлі үйдің тұрғындары жылусыз отыр.
Өйткені жылу желісіндегі су айдайтын сорғы істен шыққан. Тұрғындар үйді жылыту үшін электр құрылғыларын қосып отыр. Кейбірі газ жағуға мәжбүр. 4 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген баспананы жаңа үй деп айтуға ауыз бармайды дейді жұрт.
София Нығматулаева, қала тұрғыны:
Ақша менің қалтамда да шашылып жатқан жоқ. Осы 2 апта бұрын тағы да 20 мыңнан 1 қабаттан бастап, 5-ші қабатқа дейін жинап қолына ұстаттық, сантехник шақырып. Бірақ нәтиже осы жолы болған жоқ. ТЭЦ-ке хабарласамын, «Ол біздің мәселе емес, сендерге жертөлеге дейін жылу келіп тұр» дейді. Мен неге басқа адамдар сияқты жылы үйде отырмаймын?
Бес қабатты баспананың құрылысына 800 млн теңге жұмсалған. Қала әкімдігі үйдің сапасында мін жоқ дейді. Жылуға жауаптылар жертөледегі сорғының су айдауға күші жетпейтінін анықтаған. Жабдықтардың жаңасын орнатуды мердігерді міндеттепті. Шенділер шағын аудандағы өзге 126 үйде жылу мәселесі жолға қойылған деп отыр.
Барлық Төреханов, Әулиеата ауданының әкімі:
1 100 Вт сорғылар тұрған, оның күш қуаттылығы жетіспеуіне байланысты 1 800-дік сорғы қойылады. Сорғы қазір іздестірілуде, табылмаса, Алматыдан болсын алдырылады. Тұрғындар өз қаражатынан қою керек негізі. Бірақ қазіргі таңда мынау «АгроСпецСтройдың» 1 жылдық кепілдігі қалғандықтан, соның қаражатынан қазір қойып береміз. Келесі жылы бұл кісілер өздері ПИК, ОСИ-мен бірлесе жұмыс атқарып, апаттық жағдайды өздері мойнына алу керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы