Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Британияның ВВС хабар тарату корпорациясының бас директоры Тим Дейви мен жаңалықтар қызметінің басшысы Дебора Тернесс қызметінен кетті. Бұған «Панорама» бағдарламасында АҚШ президенті Дональд Трамптың 2021 жылы қаңтарда жасаған мәлімдемесінің бұрмаланып берілуі себеп. Дейви де, Тернесс те эфирде қате жіберілгенін мойындады.

АҚШ тарихындағы ең ұзақ шатдаун тоқтауға жақын. Сенаттағы екі партия да үкіметтің жұмысын қайта жандандыруға уағдаласты. Шатдаун кезінде АҚШ үкіметі 40 күн жұмыс істемей, бір жарым миллион адам ақысыз демалысқа жіберілді. Әуежайларда мыңдаған ұшақ рейсі доғарылған.  

Бүгін Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёлге билікті асыра пайдаланды және дұшпан мемлекетке көмектесті деген жаңа айыптар тағылды. Арнайы прокурордың мәліметінше, бұрынғы мемлекет басшысы елде төтенше жағдай жариялау үшін Оңтүстік пен Солтүстік Кореяны бір-бірімен соғыстыруға әрекеттенген. Кінәсі дәлелденсе, ол өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Өткен аптада «Калмаеги» тайфунынан 224 адам қаза тапқан Филиппинде жаңа сұрапыл дауыл соқты. «Фунг-Вонг» тайфунынан 4 адам қаза тапқан. Миллионнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Кей елдімекендер сыртқы әлеммен байланысты үзген. «Фунг-Вонг» - биыл аралдық мемлекетке соққы берген 21-ші тайфун.


Бөлісу