С5+1 саммиті: Әлемнің белді басылымдары не жазды?
Вашингтонда өткен С5+1 форматындағы кездесу туралы әлемнің белді басылымдары не жазды?
Ақ үйдегі саммитке Рейтер агенттігі көлемді мақала арнаған. Автордың жазуынша, президент Дональд Трамп Орталық Азияны «аса бай өңір» деп атаған. Бұған қоса, АҚШ президенті 5 елмен әріптестікті күшейтуге ниетті екені де назардан тыс қалмады. Мақала авторы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саммитті «Құрама Штаттар мен Орталық Азия арасында қарым-қатынастың жаңа ғасырының басталуы» деген сөзіне ерекше тоқталды. Сонымен бірге Қазақстан өңірдің ең ірі экономикасы екені айтылған.
Оқиға Штаб-пәтері Дохада орналасқан халықаралық «Әл-Жазира» телеарнасының назарынан да тыс қалған жоқ. Саммит Вашингтон мен Орталық Азия елдері арасында ашық және өзара экономикалық серіктестік, энергетикалық қауіпсіздік пен бейбітшілікті ілгерілету арқылы ғаламдық сын-қатерлерді өңірлік тұрғыда шешу үшін ынтымақты кеңейтуге бағытталған деп жазады. «Әл-Жазира» дерегіне сай, Трамп президенттігінің екінші мерзімінің 6 айында АҚШ пен Орталық Азия арасында 12 млрд 400 млн долларлық сауда келісімдері жасалған.
E&E News by POLITICO басылымы Дональд Трамп әкімшілігі Қазақстандағы ең ірі вольфрам кенішін игеру жобасын қолдағаны туралы жазды. Cove Capital компаниясы Tau Ken Samruk ұлттық компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрмақ. АҚШ-тың экспорт-импорттық банкі жобаны жүзеге асыруға 900 млн доллар бөлуге ынта білдіргеніне де тоқтала кеткен.
Financial Times газеті болса, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне Газадағы соғыс басталғаннан кейін қосылған алғашқы ел екенін жазды. Басылым еліміз әлемде уран өндіруден көш бастап тұрғанын да атап өткен. Мақала авторларының жазуынша, тараптар аса маңызды минералдар бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Сонымен бірге жасанды интеллектіге арналған құны 2 миллиард доллар болатын чиптер жеткізу туралы келісім бекітілді.
New York Times басылымының пікірінше, Қазақстан президентінің Вашингтонға сапары - күллі Орталық Азия үшін елеулі оқиға. Басылым АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың өңір елдерімен айрықша және бірегей экономикалық дамуды қамтамасыз ететін серіктестік құрылады деген сөзін келтірген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы