«Орталық Азия – АҚШ» саммитінде қандай келісімдер жасалды?
Мемлекет басшысы Орталық Азия бестігі мен АҚШ саммитіне қатысты. Аймақ елдерінің алып әріптестермен бірлесе өткізетін кездесуі дәстүрге айналып келеді. Жиынның маңызды тұстарын әріптесім Шерхан Жамбылұлымен талқылаймыз.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ақ үйдегі кездесуге Дональд Трамп мемлекеттік хатшы мен вице-президентін және кеңесшілерін ерте келген. Ал үстелдің оң жағына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдерінің президенттері мен министрлері жайғасты. Кешкі ас форматында өткен жиын жылы шырайда өтті. Әуелі Дональд Трамп сөз алып АҚШ-тың Орталық Азиямен қарым-қатынасы бұрынғыдан да берік етуге ниетті екенін мәлімдеді. Ал меймандар арасында бірінші болып сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін Ақ үй басшысына алғысын айтты. Президенттің пікірінше, осы саммит Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады. Мемлекет басшысы АҚШ Президентінің халықаралық саясаттағы рөліне де тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады. Президент сөзіне назар салсақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санаймын. Мен де Сіздің ұстанымдарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямызбен үндеседі. Бітімгер Президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғыстың тоқтауына ықпал еттіңіз. Осылайша, Американың халықаралық тұрақтылыққа тірек болған рөлін айтарлықтай күшейте түстіңіз.
Саммит аясында қандай келісімдер жасалды?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Өте көп келісім жасалды. Әсіресе сирек металдар өндірісін атап өтсек болар. Қазақстан АҚШ-пен ірі вольфрам кенін игеру бойынша уағдаласқанын айтқан едік. Осы нарықта Қытаймен бәсекелесіп жатқан Ақ үй әкімшілігі үшін бұл өте маңызды мәселе. Себебі бұл минералдар жоғары технологиялық заттар, әсіресе смартфон мен жойғыш ұшақтарда қолданылады. Америкалық компания Қазақстанға 1 миллиард доллардан аса инвестиция құймақ. Жалпы, екі ел компаниялары 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасқан. Президенттің пайымынша, Қазақстан мен АҚШ-тың экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады. Президент америкалық компанияларды елімізге шақырып, оларға жеке өзі қолдау көрсетінін атап өтті. Сапар барысында жемісті келісімдердің бірі «АгромашХолдинг» және John Deere арасында жалпы құны 2,5 миллиард доллар болатын стратегиялық серіктестік келісімі. Енді Қазақстанда алдағы бес жылда кемінде 3 мың ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылып, 3 сервис орталығы ашылады. Сондай-ақ өндіріс мамандары даярланады. Ал Эйр Астана Бойнг компаниясынан 7 млрд долларға ірі келісім жасады. Бұл еліміздің логистикалық мүмкіндіктерін арттырып, жаңа әуе рейстерін ашуға мүмкіндік бермек.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз бұрыннан бастап өзімізге Қазақстан Еуразияның транспорттық хабы болуы керек деген мақсат қойдық. Оған жету өте қиын. Оның ішінде, алдында Американың локомотивтерін сатып алу, өндіру келісімі, оның ішінд ұшақтарды сатып алу. Жеке Трамппен кездесуде орта дәлізді қолдау. Экономикамыз үшін бұл өте тиімді шешім болар еді.
- Айтпақшы, Дональд Трамп Қазақстанға келуі мүмкін дейді. Бұған қатысты қандай ақпарат бар?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, мүмкін. Бұған дейін Орталық Азияға АҚШ президентінің табаны тимеген. Президенттер баяндамасынан соң әріптесіміз Ердана Ержанұлы осы туралы Дональд Трампқа сұрақ қойды. Ол Қазақстан мен АҚШ-тың келісімдерін айта келе, бұл серіктестіктің қай саласы маңызды және біздің елге қонақ болу жоспарыңызда бар ма деп сауал жолдады. Трамп жауабын тыңдасақ.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
Бұл әбден мүмкін. Барлық сала өте маңызды деп санаймын. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің табиғи ресурсқа бай еліңіз, сондай-ақ парасатты Президентіңіз бар.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, Трамп сапарын күтеміз. Жалпы, жиында Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растай келе нақты деректерді де келтірді. АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвестор. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді. Ал жаңа келісімдер тараптардың алдағы уақытта да стратегиялық серіктестікті тереңдетуге дайын екенін көрсетіп отыр.
Автор
Шерхан Жамбылұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
LRT жүйесіне жұмысқа қабылдау басталды
07.11.2025, 20:59
Ішкі саясат саласын жүйелейтін құжат еліміздің 2029 жылға дейінгі даму жоспары негізінде әзірленген
07.11.2025, 20:57
Тұщы су өндіру үшін су арнасы тереңдетіледі
07.11.2025, 20:54
СҚО-да ауыл тұрғындарының саны азайып барады
07.11.2025, 20:51
«Үркер» - 2025 ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды
07.11.2025, 20:47
Түркі елдерінің достығын дәріптеген басылымдар
07.11.2025, 20:44
Вьетнамда тайфуннан 5 адам қаза тапты
07.11.2025, 20:17
«Наурыз» бағдарламасы: 15 мың адам өтінім берген
07.11.2025, 20:13